АймақБас тақырыпБұқар жырау

Қарағандыда Бұқар жырау ауданының өнімдері сатылатын әлеуметтік дүкен ашылды

Дүкенде Бұқар жырау ауданының шаруалары өз өнімдерін тікелей ұсынатын болады. Әлеуметтік дүкен ортадағы делдалсыз сауда жүргізу арқылы бағаны тұрақтандыруға бағытталған. Дүкеннің ашылуына байланысты сөрелерге тоннаға жуық ет қойылып, сатылымға шығарылды. Павильонның ашылуына Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын қатысып, бастаманың маңыздылығын атап өтті.

Суреттер автордан

Әлеуметтік павильонда бағалар дүкендегіден 20-25 пайыз арзанға сатылып жатыр. Мәселен, сиырдың сүйегі аз сом ет – 3300, жылқы еті – 4100 теңгеден. Сондай-ақ сүт өнімдері, көкөніс, жұмыртқа және нан өнімдерінің бағасы да біршама арзан. Ашылу салтанатында келушілерге дастархан жайылып, тұрғындар ауыл дәмінен ауыз тиді.

– Бүгін баршамыз үшін ерекше қуанышты күн. Қарағанды қаласында сапалы қызмет көрсететін жаңа “Бұқар жырау ауданының өнімдері” сауда павильоны ашылды.  Бұл нысан халыққа қолжетімді әрі сапалы тауар ұсынуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама.
Аграрлы аймағымыздың берекесін арттырып, жергілікті шаруалардың еңбегін қолдау мақсатында ашылып отырған бұл павильоннан сүт, май, құрт, көкөніс, жеміс және басқа да табиғи ауыл шаруашылық өнімдерін қолжетімді бағада сатып алуға мүмкіндік бар. Халықтың тұрмысын жақсартуға, отандық өнімді қолдауға, жергілікті кәсіпкерлердің әлеуетін арттыруға бағытталған, – деді Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын. 

Дүкенге келуші халықтың қарасы қалың. Кезекке тұрып сауда жасағандар көп. Көңілдері толған тұрғындар облыс, қала әкімдіктері мен Бұқар жырау ауданы әкімдігіне алғыс айтты.

Айта кеткен жөн, дүкендегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы облыс әкімдігімен бекітілген. Сондықтан, әлеуметтік дүкендерде бұл шекті бағадан асырып сату – заң бұзушылық болып саналады. Егер қандай да бір өнім белгіленген бағадан қымбатырақ саудаланса, жауапты тұлғаларға әкімшілік жаза қолданылады. Тиісті мекемелер тарапынан бағаға тұрақты мониторинг жүргізіледі.

– Дүкенде ет және сүт өнімдерін сатамыз. Тауар бағалары халыққа тиімді, – деді “Арғын” шаруақожалығының сатушысы Мейрамгүл Адамбекова.

Жәлел ШАЛҚАР
“Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button