Қарағандыда азаптау фактісі бойынша екі полиция қызметкері сотталды
Қарағанды облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы полиция қызметкерлерінің куәгерге қатысты азаптау фактісі бойынша қылмыстық істі тергеді.
Қарағанды облысы прокуратурасының мәліметінше екі полиция қызметкері кінәсін мойындау үшін куәгерге психологиялық қысым көрсетіп, дене жарақатын салған. Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты полиция бөлімінің аға жедел уәкілдерін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 146-бабының 2-бөлігінің 1тармағымен кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіз режимде өтеуге үкім етті. Сотталғандар «полиция капитаны» арнайы атағынан айырылды. Оларға жәбірленушілердің өтемақы қорына жаза тағайындалды. Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырды, апелляциялық шағымдар қанағаттандырылмады.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.