Қарағандыда Азаматтық форум өтуде
Билік, қоғам қайраткерлері және қоғам белсенділері Үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ашық диалог алаңына айналған Азаматтық форумда ел дамуына қатысты ұсыныстарды ортаға салды.

Форумға Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова, облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов қатысты. Сонымен қатар, өңірлік және ұлттық деңгейдегі азаматтық қоғам көшбасшылары баяндама жасап, бірқатар маңызды тақырыптар талқыланды. Атап айтқанда, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының тәжірибесі негізінде қайырымдылықты өңірлерді дамыту құралы ретінде қарастыру, азаматтық қоғамға цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект енгізудің ықтимал тәуекелдері, сондай-ақ, «ҚХА-ға 30 жыл – бірлік пен даму жолы» мәселелері күн тәртібіне қойылды.
– Қазыналы Қарағанды өңіріне қош келдіңіздер! Біздің өңір өндіріс қуатымен білім мен руханияттың қарашаңырағы ретінде елдік істердің алдынғы сапында екенін білесіздер. Бүгінгі таңда Үкіметтік емес ұйымдар билік пен халық арасындағы көпірге айналды. Демек сіздердің әр бастамаларыңыз қоғамдағы әділдік пен тұрақтылықтың негізі бола алады, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
– Біздің форум дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Жыл сайын азаматтық сектордың, мемлекеттік сектордың және ҮЕҰ өкілдері бас қосып, бар мәселелерді талқылап, елдің дамуына қатысты ұсыныстар айтады. Қазанда республикалық Азаматтық форум өтеді. Форумның негізгі тақырыптары – Конституция – қоғамның негізі ретінде, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясындағы конфессияаралық және этносаралық қарым-қатынас, ҮЕҰ туралы заң және құқықтық сауаттылық мәселелері. Сондай-ақ, секциялық отырыстарда түрлі проблемалар көтеріліп, ұсыныстар әзірленетін болады, – деді облыстық Азаматтық альянсының төрағасы Дмитрий Полторенко.
Мұндай форумдар әр өңірде өтуде. Форумға Ұлытау облысынан келген Азаматтық альянс жетекшісі Әсем Асанханова форумның маңызы зор екенін атады.
– 16 қыркүйекте Ұлытау облысында форум өтеді. Осы жақтан түйгенімізді өз облысымызға үйретеміз, – деді Әсем Асанханова.
Секциялық отырыстарда үкіметтік емес ұйымдар туралы және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заң жобалары, адам құқықтары мен этносаралық диалог мәселелері жан-жақты сөз болды.
Форум тек пікірталас алаңы ғана емес, мәдени бағдарлама аясында да жалғасты.
Азаматтық форум – қоғам дамуына бейжай қарамайтын белсенділерді біріктіретін, азаматтық бастамаларды қолдап, ынтымақтастықты нығайтатын маңызды оқиғаға айналды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА