Қарағандыда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің облыстық форумы өтуде
Мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсетуді қолға алған облыстық форумда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің мәртебесін көтеру көзделген. Білім саласы қызметкерлері үшін тиімді тәжірибе жинақтау жүйесін ұйымдастырып, әдіскерлермен ашық сұқбат алаңын ұйымдастыру да форум аясында жүзеге асады.

Ұстаздар форумда тіл оқыту үдерісіндегі мәселелерді шешудің жолын қарастыруда. Қазақ тілін меңгерту үдерісіндегі тиімді ІТ технологиялармен және тың әдістемелермен таныстыруда. Форумда облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей сөз алып, Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі ұлт ұстазы, қазақ тіл ғылымының негізін қалаушы Ахмет Байтұсынұлының туған күнімен тұспа -тұс келгенін атап өтті.
–Ұлттық мүддені айшықтайтын Қазақстан халқының тілдері күнімен құттықтаймын. Тіліміздің тұғыры биік, мәртебесі асқақ боғай. Сонымен бірге бұл мереке ұлт ұстазы, қазақ тіл ғылымының негізін қалаушы Ахмет Байтұсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келді. Сондықтан бұл форум Ахаң бастаған рухани дәстүрдің заңды жалғасы болады деп сенемін.
Шараның басты мақсаты – тілімізге қатысты күрмеуі қиын мәселелерді бірігіп шешу. Жаңа заманға сай қазақ тілін оқыту әдістерін, мемлекеттік тілде сөйлеуге қажеттілікті қалыптастыру жолдарын әрі қазақ тілінің кез келген салада қолданыс аясын кеңейту мәселелерін талқылаймыз, – деді Әлібек Үсенұлы.
Облыс әкімінің орынбасары Мемлекет басшысының “Тіл – халықты біріктіретін басты құндылық” деп атағанын тілге тиек етті. Сондай-ақ тілді меңгермеген отандастарымызға қысым жасамай, ынталандыру түрінде үйрету керектігін баса айты.
–Жалпы, тілдік тәрбие отбасынан басталатынын білеміз. Десек те баланың тілдік ортасын қалыптастыру – мектептің де міндеті. Бұл екі орта бірін бірі толқтырғанда ғана нәтиже береді. Осы тұста тілге сүйіспеншілікті оята алатын ұстаздардың орны ерекше, – деді Әлібек Әлденей.
Шара барысында қоғамдық орындарда қызмет көрсетушілерге арналған әдістемелік өнімдер мен кәсіби салаға бағытталған оқу-әдістемелік кешендер таныстырылуда.
Аяулым СОВЕТ