Бас тақырыпБасты тақырып

Қарағандыда «Қазақстанның үздік тауары – 2025» өңірлік көрме-байқауы өтуде

Жеңімпаздар түстен кейін белгілі болады. Көрме жұмысы сағат 10:00-де басталды. 70-ке жуық жергілікті өндірушілер өз өнімдерін ұсынуда.

Суреттерді түсірген Александр Марченко

Сағат 16:00-де Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев көрмені аралайды. Ал 16:40-та жеңімпаздарды анықтау және марапаттау салтанаты өтеді.

Көрмеге үстел, орындықтар, қоқыс жәшіктері, электр сымдары, арматуралар, машинаның қосалқы бөлшектері, су құбырлары, теплоизоляция, от өтпейтін киімдер, полицияның толық киімі, жабдықтары, электр тоғы счетчиктері, қаңылтыр бұйымдары, газ құбырлары, темір-бетон бұйымдары, құдық қақпақтары, жиектастар, автобус өндірісі, шана, велосипед, кубок және түрлі бұйымдар бар.

Сондай-ақ,  өндіріс орындарының қосалқы бөлшектері, ет өнімдері, шұжықтар, тауық еті өнімдері, ұннан жасалатын тағамдар, сүт өнімдері, нан өнімдері, тұрмыстық техникалар, теледидар, кір жуу машинасы, құрылыс материалдары да кездеседі.

Сабын, сусабын өнімдері, биохимикалық зерттеулерге арналған сұйықтықтар, демалысқа арналған палаткалар, қағаз-баспа өнімдері және киім-кешектің түр-түрі қойылды.

Көрмеде ет деликатестері мен шұжық өнімдерінің өндірушісі «Qaz Delikates» ЖШС компаниясы өз өнімдерін ұсынуда. Компания өнімдерін табиғи шикізаттан жасайды және ассортиментінде 20-дан астам тауар түрі бар. Өнімдері Қазақстан бойынша кеңінен таралған.

– Көрмеге қазы, шұжық, тауық еті, дайын тұшпара, манты алып келдік. Сонымен қатар, бір 4-5 адамдық бір табақ етке арналған жиынтық әкелдік. Онда ет пен қазы бар. Қонаққа арналған дайын өнім. Сыйлыққа да беруге болады. Сауда үйлерінде де өнімдеріміз бар. Біз 100 пайыз таза өнімнен жасаймыз. Ешқандай химиялық қоспа жоқ. Мәселен, 120 гр қазы 1200 теңге тұрады. Ал, бір табақ еттің жиынтығы – 8100 теңге. Тұшпараның келісі 2 мыңның мұғдарында. Төрт түрі бар. Әзірге көрші облыстарға ғана шықтық. 30-дан астам адамды жұмыспен қамтып отырмыз, – дейді аталған мекеме басшысы Роман Малахов.

Сондай-ақ,  2017 жылы құрылған металлургиялық  Forever Flourishing компаниясы болат құймаларын және прокат өнімдерін ұсынуда. Олардың жылдық қуаты – 200 мың тонна.

– Металлургиялық зауыт бұрышты болат құймаларын және швеллер шығарады. Яғни, темір-терсекті қабылдап, оны пеште балқытып, өнім дайындап, аймаққа, елімізге және көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанға экспорттаймыз. Мұны ғимараттардың құрылыс жұмыстарына, жол құрылысына пайдаланады. Еліміз бойынша сұранысқа ие жалғыз зауыт. Жылына 90 тонна өнім шығарамыз, – деді зауыттың сату бөлімінің маманы Әли Тоқмұрзин.

Жәлел ШАЛҚАР,

“Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button