Қарағандыда аяқ-қолы жоқ ер адам 10 жыл бойы еңбек құлдығында болған
Қарағандыда 10 жыл бойы аяқ-қолы жоқ ер адам мен оның әйелін еңбек құлдығында ұстағандарға қатысты сот үкімі шықты. Төрт күдікті қылмыстық топ құрғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды ortalyq.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Қылмыстық іс бойынша басты айыпталушы 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайластары 12 жылға сотталды. Сот сотталушылардың үшеуінің кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, оны жеңілдететін мән-жай деп қарастырды.
Қылмыстық іс бойынша негізгі айыпталушы қылмысты қайта жасағандықтан, бұл жазаны ауырлататын жағдай ретінде қаралды.
41 жастағы ер адам азаматтық некедегі жұбайымен бірге еңбек құлдығында болған. Әйелі “қожайынның” айтуымен күйеуін қала орталығындағы аялдамаға апарады. Ал, ер адам күні бойы сол жерде отырып, өткен-кеткен адамдардан қайыр сұраған. Мүгедектігі бар ер адам осылайша күніне 20-40 мың теңгеге дейін табыс әкелген.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, қылмыскерлер жәбірленушіні қорқытып, ұрып-соғып күн сайын таңғы 08:00-ден кешкі 18:00-ге дейін қайыр сұрауға мәжбүрлеген. Ер адам жаңбыр, аптап ыстыққа қарамастан он жыл бойы Қарағандыдағы “45-квартал” аялдамасында жерде отырып адамдардан қайыр сұраған. Ал жиналған ақшаны “қожайын” өз қалауынша жұмсаған.
Тергеу мәліметінше, қаскөйлер мүгедектігі бар ер адамды ұрып-соғып қана қоймай, ішімдікке үйреткен. 2020 жылдан бастап оның азаматтық некедегі әйелінен туған сәбиді де бопсалауға пайдаланған. Қылмыстық әрекетті ұйымдастырушы жаңа туған сәбиді тартып алып, өз туған қарындасына тәрбиелеуге берген. Бүлдіршін сол үйде 4 жасқа дейін өскен.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, 2023 жылдың желтоқсан айында күдікті есірткіге қатысты іс бойынша ұсталған. Сол кезде оның мүгедек ер адамды қайыр сұрауға қалай мәжбүрлегені туралы деректер әшкере болды.
Топ басшысы 2023 жылы қамауға алынғаннан кейін де СИЗО-дан телефон арқылы топты басқаруын жалғастырған. Оның сыбайластары ер адамды бұрынғыдай көшеге шығарып, жиналған ақшаны өз қажеттеріне, соның ішінде автонесиені төлеуге жұмсаған.
Сот жәбірленуші әйелге моральдық зиян үшін сегіз миллион теңге өтемақы төлеу туралы шешім шығарды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.