Қарағанды қаласының полиция департаменті көктайғақ салдарынан автобустың жаяу жүргіншіні қағып, мерт қылғанын мәлімдеді.
– 12 қазан күні сағат 19:00 шамасында Липецк көшесінде 53 жастағы маршруттық автобус жүргізушісі көктайғақ жағдайында 56 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Зардап шегуші дереу ауруханаға жеткізілді, бірақ дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, ол алған жарақаттарынан көз жұмды, – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметтері бойынша күннің күрт сууы және көктайғақ салдарынан өңірде 22 жол-көлік оқиғасы болған.
Шахтинск және Теміртауда да жол-көлік апаттары болып, нәтижесінде екі адам әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz