Қарағандыда спортты дамытуға арналған ауқымды конференция өтуде
Қарағандыда «Білім беру саласындағы спортты дамытудың базалық негіздері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды. Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті және Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан шара оқу орнының ғимаратында өтіп жатыр. Спикер ретінде Санкт-Петербург қаласындағы П.Лесгафт атындағы ұлттық мемлекеттік дене шынықтыру, спорт және денсаулық университетінің мамандары арнайы шақыртылған. Сонымен қатар, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармаларының, өңірдегі қала мен аудандардың спорт бөлімдерінен 450-ден астам өкіл қатысуда.

Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетов сөз алып, конференцияны ашып берді.
– Мұндай конференцияны бірінші мәрте республикалық көлемде өткізіп отырмыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын университетімізде «Спорттық менеджмент» мамандығын ашқан болатынбыз. Бұл мамандық — республика бойынша бірінші болып ашылған. Бүгінде жыл сайын осы мамандыққа оқуға түсушілердің қатары артып келеді. Мектеп, колледж тарапынан көптеген ұсыныстар да бар. Әрі біз осы мамандыққа даярлау үшін жаңадан оқу бағдарламасын әзірледік. Ресейде үлкен Ұлттық университет бар. Сол оқу орнының басшылығымен жақсы қарым-қатынас орнатып, осы жаңа оқу бағдарламасын әзірледік, — деді Ерқара Балқараұлы.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің қарамағындағы Дене шынықтыру және спорт саласындағы республикалық оқу-әдістемелік әрі талдау орталығы мен университет басшылығы өзара әріптестікті нығайту мақсатында жаңа меморандумға қол қойды.
Семинар барысында спорттық реабилитология жүйесінің дамуы, емдік дене шынықтыру, массаж, спорт менеджменті мен психология салаларында мамандар даярлау мәселелері кеңінен талқылануда. Іс-шара аясында үш интерактивті сараптамалық сессия өтпек. Аталған сессиялар барысында қатысушылар кәсіби білім беруді жаңғыртудың негізгі бағыттары, заманауи үрдістер мен білім беру тәжірибелері жөнінде пікір алмасады.
Сонымен қатар, семинар аясында спорттық менеджмент, психология және реабилитация бағыттары бойынша бірқатар мазмұнды баяндамалар қорғалмақ. Әрң саланың даму үрдістері мен практикалық мәселелері кеңінен сарапқа салынады деп күтілуде.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Суреттерді түсірген автор
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz