Қарағандыда ата-аналар мектеп асханаларында дайындалып жатқан тағамды онлайн көре алады
Бұл туралы білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
– Қарағанды облысында 381 мектепте тамақтандыру ұйымдастырылған, (асхана – 355, буфет – 26), бұл 95 пайызды құрайды. Жаңа оқу жылынан бастап облыста бастауыш сынып оқушылары мен 5-11 сынып оқушылары үшін тамақтандыруға арналған перспективалық (ұсынылатын) тағамдар мәзірі жаңартылып, бекітілді. Ас мәзірі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің әдістемелік ұсыныстары бойынша әзірленді және тамақтандыруды ұйымдастыру ережелерінің талаптарының бірі – тамақтану бөлімшелеріне бейнебақылау камераларын орнату. 336 мектептің тамақтандыру бөлімшелеріне бейнебақылау жүйесі орнатылды. Облыстағы 24 мектепте: Қарағандыда – 13, Теміртауда – 11 «Е-Асхана» жобасы жүзеге асырылды. Бұл деген тамақ жасау процесі бейнебақылауға түсіріліп, мониторда көрсетілетін мобильді қосымша. Оны кез келген ата-ана онлайн көре алады. Тамақтың сапасын, асханаға баруын тіркеу, сондай-ақ ата-аналарды күнделікті ас мәзірі мен тағамдардың энергетикалық құндылығы туралы хабардар ету үшін EduMark мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Болашақта біз «Е-Асхана» жобасын кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – деді Гүлбақыт Жүнісова.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ