Қарағандыда «Асық ату» және «Бес асық» турнирі өтті
Қарағандыдағы №36 жалпы білім беретін мектепте «Ziatkerlik Modernizasia» жобасы аясында 5-6 және 7-8 сынып оқушылары арасында «Асық ату», «Бес асық» турнирі өтті. Бұл іс-шара ұлттық ойындарды дәріптеп, атадан қалған аманатты жас буынға жеткізу мақсатында ұйымдастырылған. Әрі жасөспірімдердің бойында ұлттық рухты оятып, зейінін, ойлау қабілетін дамытуға бағытталды.

Жалпы, асық ойыны екі алаңда өтті. Бірінші алаңда ұлдар асық атып, шеберлігін көрсетсе, екіншісінде қыздар «Бес асықтан» бақ таласты. Турнир қорытындысы бойынша 5-6 сыныптар арасындағы «Асық ату» бәсекесінде Ә.Бөкейхан атындағы мектеп оқушылары І орынды жеңіп алды. Одан кейінгі сатыға №53 мектеп-лицейі командасы табан тіресе, үздік үштікті Абай атындағы мектеп-гимназиясы түйіндеді. Ал, 7-8 сыныптар арасындағы бәсекеде Ж.Ақбаев мектебі І орын иеленсе, ІІ орынды №14 мектеп-гимназиясы, ІІІ орынды №85 мектеп командасы еншіледі.
Қыздар арасындағы «Бес асық» сайысы да тартысты өтті. Нәтижесінде, 5-6 сынып оқушылары арасындағы бәсекеде М.Жұмабаев атындағы гимназиясы топ жарды. Күміс жүлде Абай атындағы мектеп-гимназиясына бұйырса, №74 мектептің оқушылары қоланы місе тұтты. Ал, 7-8 сыныптар арасындағы бәсекеде №53 мектеп-лицейінің командасы жеңісті қолдан бермеді. Б.Момышұлы атындағы мектеп командасы ІІ орын еншілесе, ІІІ орынға №36 мектеп командасы тұрақтады.
Осы бәсекеде ерекше көзге түскен спортшының бірі – №14 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Нұрасыл Қуандық. Командаластарымен керемет өнер көрсетіп, турнирдің күміс жүлдегерлері атанды.
– Кішкентайымнан аулада асықты көп ойнағанымнан болар, қыр-сырын меңгеріп қалыппын. Біздің мектепте асық үйірмесі бар. Онда барлық жағдай жасалған. Үйірме жетекшісі Дархан Қанай ағайдың жетекшілігімен мектепте достарымызбен шеберлігімізді шыңдап жүрміз. Бұл жарыс біз үшін зор тәжірибе болды. Командаластар жұмылып, сәтті өнер көрсеттік. Осындай турнирлер жиі өтсе екен дер едім, – деді жас спортшы.
Турнир соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы марапат табысталды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



