Қарағандыда Астана күніне арналған «Саған, Астана!» веложарысы өтті
«Жас мемлекеттің өзге азаматтары сияқты Қарағанды облысының тұрғындары да елорданы мақтан тұтады. Бүгін біз әдеттегідей Астана күнінің құрметіне «Саған, Астана!» веложарысын бастау үшін мемлекеттік символдар алаңына жиналдық. Веложарыс Тәуелсіздік стелласында мәреге жетеді», – деді Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков мерекелік шаралардың ашылу салтанатында.
Өңір басшысы Қарағанды облысының Астананың құрылысына қосқан үлесін атап өтті.
«Астана жыл сайын, ай сайын, күн сайын өзгеріп, өркендеп келеді. Бүгін Қазақстанның астанасы – қазіргі заманғы саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени мәселелер бойынша түрлі кездесулер өтетін еуразиялық кеңістіктің орталығы, – деп атап өтті Н. Әбдібеков.
Алаңда Астана Әнұраны орындалды. Жиылғандарды ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сергей Ершов, Астана құрдасы – Назарбаев Университетінің студенті Алина Самал құттықтады.
«Саған, Астана!» веложарысын жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дмитрий Карпов ашты. Оған жүздеген адам қатысты. Ұйымдастырушылардың ақпаратына қарағанда, қатысушылардың ең жасы 9, ең үлкені 65 жаста.
12 шақырымдық трассаны өзгелермен бірге облыс әкімі Н. Әбдібеков бағындырды.
Аймақ басшысының сөзіне қарағанда, соңғы кездері ол кешке велосипедпен серуендеуге әуес.
Веложарыс қатысушыларына сертификаттар табысталды.