Қарағандыда “Қарағанды көктемі” атты республикалық поэзия фестивалі басталды
Биылғы фестиваль әдебиетте маңызды рөл атқаратын әдеби сыншыларға арналып отыр. Әлия Бөпежанова, Темірхан Меңдеке, Амангелді Кеңшілікұлы, Бағашар Тұрсынбай сынды бүгінгі әдеби сынның белді өкілдері және еліміздің түпкір-түпкірінен отыздан астам ақын келді.

Фестивальдің ашылу салтанатында қадірлі меймандарға облыс әкімнің орынбасары Әлібек Әлденей лебізін айтты.

– Бүгінгі жиынның жөні бөлек. Себебі, бұл – республика бойынша әдеби сыншылардың тұңғыш рет басын қосқан ауқымды шара. Ой кеңімей, көзқарас өзгермей, қоғамның сапалы дамуы мүмкін емес. Ал мұндай өзгеріс өздігінен болмайды – оған бағыт беретін ойды тереңдетіп, сапаны арттыратын кәсіби орта қажет. Осы тұрғыдан алғанда, әдеби сыншылардың рөлі айрықша. Бүгінгі фестиваль – дәл сондай орта қалыптастыратын маңызды алаң. Әсіресе сөз өнерінің майталмандарымен қатар, осы басқосуға қатысып отырған 20-ға жуық жас ақын үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Мүйізі қарағайдай сыншыларымыздың дәрісін тыңдаған соң талантты жастарымыздың шығармалары көркем ойдың жаңа деңгейіне көтеріледі деп сенем, – деді Әлібек Әлденей.

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері, Алаштың айтулы ақындары Серік Ақсұңқарұлы мен Ғалым Жайлыбай да “қош келдіңіздер!” айтты.

Сахнаға көтерілген әдеби сыншылар да бұл фестивальдің мәні мен маңызына тоқталды.

Темірхан Меңдеке ұлт руханиятын көтеруде Қарағанды зор үлес қосып жатқанын алға тартты.

– Қарағандыға бұрындары іс-сапармен келіп жүргенде, қынжылатын едім. Барлығы басқаша болатын. Қарағандының бүгінгі рухани ахуалын көріп, қуанып тұрған жағдайым бар. Қарағанды қазақтың рухани астанасына айналып келе жатыр екен. Осы фестиваль сөзімнің айқын дәлелі, – деді Темірхан Меңдеке.
Ерік НАРЫН
Ortalyq.kz



