Қарағандыда қар тазалайтын техника жетіспейді
Боран соқпаса, Қарағандыда қар тазалауға қажетті техника жетіспейтінін білмей де қалады екенбіз. Үш күн қатарынан соққан ақтүтектің салдарынан облыс тым-тырыс жатқан «қар патшалығына» айналып шыға келді. Ауа-райының қолайсыздығы салдарынан жабылған жолдар, қар басқан аулаға көлігі тұрмақ, жаяулап та жете алмаған тұрғындардың сабылысы құзырлы органдардың «қыс шанасын жаз сайламағанын» тағы бір мәрте көрсетті.
Арқаның қысы қатты болатыны мәлім. Қатты аязы мен ұйытқи соғатын бораны ешкімге де таңсық емес. Оның үстіне, тұтқиылдан келді дейтін емес, ауа-райына алдын- ала болжам жасап отыратын мүйізі қарағайдай «Қазгидромет» те бар. Жауырынға қарап бал ашудың қажеті жоқ. Бірақ, селқостық танытты ма, әлде, жылда соққан боранға еті үйренді ма, қала әкімдігі де, қар тазалау ға жауапты мекемелер де осы жолы қапы қалды.
Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының баспасөз хатшысы Бақдәулет Дәуренбектің айтуынша, боран басталғаны қаланы қоспағанда, облыс бойынша барлығы 860 техника қар тазалаумен жүр. Республикалық маңыздағы жолдарға жауап беретін «ҚазАвтоЖол» «ҰК» АҚ тиесілі көліктер де осы цифрдың ішінде. Аталмыш мекеменің Қарағанды облыстық филиалының директоры Серік Айдос күн сайын 100 техника республикалық маңыздағы жолдардың қарын тазалаумен айналысуда екенін айтады. Жалпы, Серік Әділханұлы аталған жолдарды күтіп-баптауға 2020 жылы 2 млрд. теңге бөлінді дейді, оған, әлбетте жолдарды қардан аршу да кіреді. Жол-көлік инфрақұрылымы нарығындағы мемлекеттің бірыңғай операторы жол пайдаланушыларға жол бойы сервистік қызметтердің жоғары деңгейін ұсынумен қатар, қауіпсіз және жайлы жүріп-тұру мүмкіндігін қамтамасыз етуге де міндетті.
Кейінгі соққан боран жан-жақпен қатынасты да үш күнге тоқтатты. Осы уақыт аралығында Полиция департаментімен бірлесе жұмыс жасаған «ҚазАвтоЖол» ондағы үйіліп қалған қарларды тазалау үшін небары 4-5 сағатқа ғана жабылғанын айтады. Жалпы, қолайсыз ауа-райы жағдайында норматив бойынша жол бойында ешқандай техника жұ мыс жасамайды. Бірақ, департаменттегілер боран басылғаннан кейін ғана қарды аршу қиындық тудырады. Сондықтан, күрделі жағдайға қарамастан, арнайы техника жол бойында тұрақты түрде жұмыс жасағаны дұрыс болар еді деген ұсыныс та айтып отыр.
Ал, төтенше жағдайлар департаменті де осындай кезде көмек беруге қауқарсыз. Арнайы техникалары болмағандықтан, олардың да қолынан келер қайран жоқ.
Облыс орталығындағы жағдайдың да оңғаны шамалы. Қала басшысы Нұрлан Әубәкіров арнайы техниканың 30-40%-ға жетіспейтінін айтады. Оның айтуынша, боран күндері көше тазалығына жауап беретін Қазыбек би ауданында – «ТазалықЭксперт», Майқұдықта – «ҚарЖолСервис», Пришахтинскіде – «Rovan», Сұрыптау елді мекенінде – «ЖолСтройГрупп» жауапкершілігі сектеулі серіктестіктері барлығы 300-ге тарта арнайы техникамен тәулік бойы жұмыс жасауда. Олар болса, қардың 4 айлық есептік көрсеткіштен көп түсуіне байланысты қар ие бермей жатыр дейді. Мәселен, «ТазалықЭксперт» ЖШС директоры Александр Демьяновтың да айтар уәжі бар. Үзіліссіз жұмыс жасайтын мекеме осындай кезеңдерде тұрғындар тарапынан түсіністік болса дейді. Одан бөлек, ірі сауда орындары да өздеріне тиесілі төңіректің қарын тазалап, шығарып отырса, осындай дүрбелең болмас еді деп отыр.
Оның үстіне, өзге техника жеткілікті болғанымен, «самосвалдардың» жетіспеушілігі қала көшелеріндегі жиналған қарды арнайы қар төгетін полигондарға жеткізуге қиындық тудыруда. Полигон демекші, Сұрыптау елді мекеніне жауапты «ЖолСтройГрупп» ЖШС директоры Әлібек Жұмақаев қазірдің өзінде полигондар толып қалғанын жеткізді.
Нұрлан Әубәкіров қала көшелері тазаланғанын айтып отыр. Аулаларға кіретін жолдарға қаржы бөлінген, оған көліктер өтетін бөліктер ғана тазаланады. Ал, су басып қалмау үшін жеке сектордың қары көктемге қарай тазалануы тиіс. Қазір қала көшелеріндегі қарды аршуға күніне барлығы 211 техника жұмыс жасаса, одан бөлек, тазалыққа жауап беретін компаниялар «самосвалдарды» жалға алып отыр.
«Қардың көп түсуіне байланысты мердігер ұйымдар талап-үддеден шыға алмай қалды. Қазір бір қалыпқа келгендейміз. Барлық мәселе шешілді» – деді Нұрлан Әубәкіров. Бірақ, көше толы қар бұл сөзді теріске шығарғандай. Тұрғындар аялдамалардағы және тротуарлардағы қарлардың мұрты бұзылмағанына наразы. Қарбалас кезде қоғамдық көлікке ілігіп қалуға жанталасқанда, аяқ тайып кетсе, жазатайым болмасына кім кепіл?!
Салтанат ІЛИЯШ.
Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.