Қарағандыда «Қарқаралы хан Бертіске» арналған конференция өтуде
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті Тарих факультетінде XVII ғасырдың ортасы мен XVIII ғасырдың басында өмір сүрген даңқты би, қоғам және мемлекет қайраткері Бертіс биге арналған конференция өтуде. Сол дәуірде өмір сүрген замандастары арасында Қарқаралы хан Бертіс аталған Бертіс бидің заманы тақырыбын қозғауда.
– Отандық тарих ғылымын қалыптастыруда Бертіс би жайлы еңбектердің атқаратын рөлі зор. Әділетті Қазақстан жағдайында осындай үлкен шаралар жүзеге асырылып жатыр. Өткен тарихымыздың қатпарлы беттерінің құпияларын зерделеу маңызды. Кемеңгер Бертіс биге арналған жиынның алар орны да салмақты. Билер институтын қалыптасуына үлес қосқан бидің ел мен жерді қорғауға ел аманатын адал ақтай білді. Жарқын болашақтың тағдырын шеше бастады. Даңқты тұлғалар есімін жаңғырту – біз үшін үлкен абырой, – деді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков.
Конференцияда тарих ғылымын зерделеп жүрген ғалымдар арнайы сертификаттармен марапатталды. Жиында бас қосып Бертіс би төңірегінде әңгіме өрбіткен ғалымдар «Бертіс би – мемлекет және қоғам қайраткері», «Қазақ мемлекеттілігінің нығаюындағы тұлғалардың тарихи рөлі», «Қазақстан тарихының аса өзекті мәселелері» тақырыбында пікір алмасуда.
– Шаншарұлы Бертіс XVII ғасырда жоңғар-қазақ соғысының майдандарында ерлік пен тапқырлық көрсеткен. Ташкентті, Балқаш өңірі мен Қарқаралыны жоңғар басқышыларынан азат ету шайқасына қатысқан. Жәңгір хан мен Тәуке ханның кеңесшісі болған. Ескіден жеткен аңыз әңгімелерде Шаншарұлы Бертіс биліктен тайған ханның орнына әмір болып, Ташкент өңірін басқарғандықтан «Қарқаралы хан Бертіс» аталыпты, – деді Бертіс ұрпақтары қоғамдық қайырымдылық қорының қорының төрағасы Болат Сейтбатталов.
Ал, тарих ғылымдарының докторы Нұртас Смағұлов:
– Конференцияның мақсаты – Бертіс бидің өмірі мен қызметін және өмір сүрген заманын, терең тарихи танымы бар ғылыми-зерттеулерге қызығушылық танытып отырған оқырман қауым мен көпшілікке насихаттау. Ғылыми-практикалық конференцияда XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырдың басында өмір сүрген Қазақ хандығының көрнекті мемлекет қайраткері, даңқты биі Бертіс хан қоғамдық-саяси өмірі мен қайраткерлік тұлғасы туралы елімізге танымал зерттеуші ғалымдар ғылыми баяндама жасайды, – деді.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz