Қарағандыда қар қалың

Облыстағы қызыл су басу қаупі бар 33 елді мекенді төтенше жағдайлар қызметі бақылауда ұстап отыр. Сондай-ақ, өзен арнасындағы су деңгейі жоғарылау кезеңдерінде су жайылатын аймақ тұрғындарына алдын ала ескертпе хаттар таратылған.

Бүгінде өңірде қардың орташа қалыңдығы – 19-20 сантиметр. Алдын алу шаралары барысында ағысы қатты Нұра және Шерубай-Нұра өзендеріндегі су қоры өлшенген. Нәтижесінде Нұраның кей аумағында ылғал мөлшері көрсеткіштен 55 пайызға жоғары екені анықталды.

Жалпы, 2015 жылдан бастап облыста 180 шақырымнан астам бөгет салынып, су жайылуы мүмкін жағалаудың 46 шақырымы нығайтылған. Теміртау қаласының су тасқыны қаупі бар учаскесінде еріген суларды кедергісіз өткізу үшін су өткізу каналының құрылысы жүргізілмекші. Өткен жылы ұзындығы 1466 метр жеке секторға жақын арнаның бірінші бөлігі салынды. Гидроқұрылыстардың меншік иелері маусымдық тексерулер, зерттеулер және бақылаулар кестеге сай ұйымдастырылуда. Қала көшелерінен 87,44 мың текше метр қар шығарылды.

Биыл өңірдегі көктемгі су тасу маусымына дайындыққа, апаттың алдын алу жұмыстарына бюджеттен 1 миллиард 900 миллион теңге қарастырылды. Құтқару және басқа да жедел шаралар үшін күштік құрылымдар мен жергілікті билік тарапынан 7 мың адам жасақталып, 2665 техника әзірленген. Синоптиктердің болжауынша, ақпанның аяғында облыс аумағында күн жылына бастайды.

Судың молаюына жауын-шашын да әсер етеді. Соңғы екі тәулікте Қарағандыда қар қалың жауды. Салдарынан қала көшелерінде көлік кептелісі пайда болды.

Мамандар өткен түннен қар тазалауда. 20 ақпанда түске дейін 3,6 мм ақ ұлпа жауған. «Қазгидромет» РММ мәлімдеуінше, бұл – он күндік жауын-шашын мөлшері.

Қала көшелерін қардан тазарту үшін кеше «Тазалық эксперт» ЖШС 75 арнайы көлік шығарды. Қар тазалау жұмыстарына 21 «МТЗ» тракторы, 22 «КамАЗ», 8 грейдер, 15 арнайы көлік, 9 жүк тиегіш жұмылдырылды.

Күндізгі ауысым жұмысшыларын қосқанда 110 адам қар тазалау жұмыстарын жүргізуде. Жалпы, ақпан айының басынан бері қала көшелерінен 114727, 2 текше метр қар шығарылған.