Бас тақырыпБасты тақырып

Қарағандыда Арқа ақындарының әдеби-сазды кеші өтті

Қарағанды қалалық әкімдігінің қолдауымен кеншілер шаһарында жыл сайын «Қарашада өмір тұр…» атты әдеби-сазды кеш өтеді. Бұл кешті рухани азыққа ашыққан жұрт асыға күтеді. Қарағандының төл брендіне айналып келе жатыр десек, артық айтқанымыз емес. Арқа топырағындағы талантты ақындардың өлеңдері оқылып, қанатын жайып келе жатқан жас шайырлар мен өнерпаз өрендердің жарқырайтын сахнасы осы бүгінде. Биылғы кеш өңірдегі руханияттың орталығына һәм қарашаңырағына айналған Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде ұйымдастырылды. Залға жастықтың жайлауында еркелеген, жүректеріне нәзік сезімнің сәулесі түскен студенттер лық толды. Сахнада алтын күз жарқырады.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Бұл кеш бұрынғы кештен өзгерек. Кештің құрылымын толықтай белгілі театр актері, режиссері Дунай Еспаев құрды. Ол Қарағандының мәдени һәм әдеби өмірін, тынысын барынша қамтуды, сол арқылы қастерлі топырақта туған таланттардың әлеуетін көрсетуді мақстан тұтқанын айтады. Жас өрендердің жұлдызын жағу да негізгі мақсаттардың бірі екенін атап өтті.

 – Арқада талантты жастар өте көп. Шығарманы тудырушылар да, соларды жоғары деңгейде орындаушылар да баршылық. «Қарашада өмір тұр…» атты әдеби-сазды кеші сол дарын иелерін көпшілікке, соның ішінде, жастарға танытуда айрықша рөл атқарып тұр. Осы кештің арқасында талант иелері бір мақста-мүдде жолында бірлесіп жұмыс атқаруда. Бір-бірімен тәжірибе алмасады. Ең бастысы, жаңа шығармашылық ізденістерге, идеяларға себеп болмақ. «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» дегендей, толқындар арасында байланыс орнайды. Келешекте осы сахнаға шыққан жастар ұлттың мәдениетін сақтайтын, жаңғыртатын тұлғаларға айналатынына сенімдімін. Аға толқынның міндеті – соған жағдай жасау. Қарағандыда ұлттық мәдениеттің жалауын құлатпайтын, алауын өшірмейтін тегеуірінді толқын өсіп келеді, – деді Дунай Еспаев.

Кешті «tattimbend» ансамблінің өнерпаздары жанды музыкамен сүйемелдеді. Поэзия көші ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұылының «Өмір деген – Күнді айналу» атты өлеңімен басталды. Содан кейін бір кезеңде Серік Ақсұңқарұлының абадандары атанып, қалың оқырман мен қаламгерлер қауымын Арқаға жалт қаратқан тегеуірінді толқын өкілдерінің туындыларын «Дат» театрының актерлері оқыды. Бағдат Мүбәрактың, Руслан Нұрбайдың, Серік Сағынтайдың жырлары. Осы толқыннан кейін келген Ерғанат Кеңесбекұлы, Салтанат Смағұлтегі, Сұлтан Дәулетхан өз өлеңдерімен кештің тақырыбын ашты. Қуаныш Медеубаевтың, Айбек Байтөренің, Жәлел Шалқардың, Ерболат Қуатбектің өлеңдерін театр актерлері жеткізді. Күз тақырыбындағы классикалық әндер жаңа нақышта шырқалды. 

Кеш басталғаннан ақындар мен актерлер сахнадан кеткен жоқ. Өлеңдердің арасы әнмен жалғасып жатты. «Дат» театрының құрамындағы ең жас актер – Тоқтар Кәрібай. Өнерге деген құштарлығы ерте оянған, жанының қалауын ерте таныған мектеп оқушысы Ерболат Қуатбектің өлеңін оқыды. Қарағандының ең айтулы әдеби-сазды кешіндегі көрермен көзайымы болды. Мұндай деңгейдегі әдеби-сазды кештерде мектеп оқушысы түгілі кәсіби актерлер де қобалжиды.  Толқығаннан ойдағыдай өнер көрсете алмай қалған жағдайлар да болады. Бірақ, бұл кеште Тоқтар Кәрібайдың талантын, ішкі қуатын, әлеуетін сезгендей болдық. Бозбала еңсесін тіктеп, талғамы биік, шынайы өнерді танитын көрерменнің алдында тайсалған жоқ.

 – Театрға құштармын. Қарағандыдағы театрларда қойылатын спектакльдердің бәрін тамашалауға тырысамын. Бекзада өнерге деген құрметім бөлек! Келешекте осы өнердің қыр-сырын меңгерген, қадірен әбден жеткен кәсіби актер болғым келеді. Арманыма нық қадам жасау үшін «Дат» театрына келдім. Ағаларымның, кәсіби актерлердің ақыл-кеңестерін ойыма түйіп жүрмін. Бүгінде ізденіс жолындамын, – деді Тоқтар Кәрібай.

Әдеби-сазды кеш белгілі әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Гүлнәр Дәукенованың мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Күрең күз» әнімен түйінделді. Сахнадағы ақындар мен актерлер хат халыған қағаз ұшақтарын көрерменге қарай ұшырды. Өнер сүйер қауымға құрмет көрсетіп, гүл күлтесінен шашу шашты.

Қарағандыдағы таланттардың басын қосып, әдеби өмірдің тамырына қан жүгіртіп жүрген ақын, Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі Жанат Жаңқашұлы мен елімізге белгілі марафоншы, білікті ұйымдастырушы Асхат Қажытай. Жанат Жаңқашұлы мұндай әдеби-сазды кештердің атқаратын миссиясы орасан екенін атап өтті.

 – Жыл сайын дәстүрлі түрде осындай әдеби-сазды кеш өткізетін өңір жоқ. Басқа қаладағы, аймақтағы жұртқа Қарағанды десе, олардың есіне бірден «Қарашада өмір тұр…» атты кешіміз түсетін деңгейге жетті деп ойлаймын. Осы тұста Қарағанды қалалық әкімдігінің қолдауына ерекше алғыс айтқымыз келеді! Таланттар шоғырын қалыптастырып, ұлттық руханиятқа қызмет ететін буынға жөн нұсқау – тікелей міндетіміз, – деді Жанат Жаңқашұлы.

Ерік НАРЫН

«Ortalyq Qazaqstan»  

Басқа материалдар

Back to top button