Бірқатар серіктестік атаулысын бір алаңға біріктірген «Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығы» өңірдегі қоғамдық кәсіпкерлікті дамытуға арналған дөңгелек үстел өткізді.

Жиынға Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты Кенжеғұл Сейтжан, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі Эмин Аскеров, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев, сондай-ақ, «Даму» қоры, «Атамекен» ҰКП, «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшылары қатысты. Олардың қатарында екінші деңгейлі банктер жетекшілері мен өңірдің белсенді әлеуметтік кәсіпкерлері де болды. Әрқайсысы әлеуметтік экономиканың нақты жағдайы мен даму үдерісіне қатысты өз ой-пікірін білдірді.
– Жуырда, біз креативті индустриялар туралы заң жобасын қарастырдық. Сол кезде мен әлеуметтік кәсіпкерлікті де осы заң аясында нақтылап енгізуді ұсындым. Себебі, бір сөзбен айтқанда, халықтық кәсіпкерлер қоғамға жаңа идеялар мен құндылықтар әкелетін жаңашылдар, креаторлар. Бүгінгі қолданыстағы заңдарда мұндай түсінік бар. Сондықтан, оны креативті индустрия шеңберіне бекіту маңызды деп есептеймін. Әлеуметтік кәсіпкер дегеніміз, тек табыс табуды емес, қоғамдағы маңызды қордалы мәселелерді шешуді мақсат ететін жан. Мысалы, олар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жұмыс орнын ашу, оларды еңбекке бейімдеу, табыс табуға мүмкіндік беру арқылы мемлекет инвестициялаған ресурстарды экономикалық айналымға қайта енгізуге оң ықпал етеді. Өкінішке қарай, мұндай модельді әлі толық түсінбейтін мемлекеттік қызметкерлер де бар. Сондықтан, осы сынды пікір алмасу алаңдарының маңызы зор, – деп ағынан жарылды халық қалаулысы Кенжеғұл Социалұлы.
Іс-шараны «Respublica» партиясының Қарағанды облысындағы филиалы жанындағы аймақтық кеңес мүшесі әрі әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының аймақтық өкілі, әлеуметтік кәсіпкер Даурия Байконова ұйымдастырды. Оның айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлік қазақстандық экономиканың тың бағытына айналып келеді. Және бұл бағытты жүйелі түрде дамыту – уақыт талабы. Ұйымдастырушылар қоғамдық маңызы бар жобаларды жүзеге асырып жүрген кәсіпкерлер мен мамандардың басын қосып, саланың даму келешегін, тәжірибе алмасуды және іскерлік байланыстарды нығайтуды көздеген. Қатысушылар соңғы жылдары халықтық кәсіпкерлікке қызығушылық артып келе жатқанымен, жаңа сын-тегеуріндердің де бой көрсетіп отырғанын атап өтті. Сарапшылар болса, өз тәжірибесімен бөлісіп, түрлі кедергілер мен оларды еңсерудің жолдарын нақты мысалдармен көрсетті. Асылы, «кез келген қаражаттың қайтарымы бар» дейтін экономистер қауымының мәшһүр қағидасы бар. Қарағанды өңірі алғашқы болып әлеуметтік кәсіпкер мектебін ашқан. Әйтсе де, аймақ бұқаралық бизнес тұрғысында ептеп кенжелеп қалғандығын сарапшылар жасырмады. Бүгінде өңір осы сапта 13 орынға табан тіреген. Статдеректер солай дейді. Дүние жүзінде 12 млн-ға тарта «халықтық кәсіпкер» бар көрінеді.
Жиынның негізгі бөлімінде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жол картасы таныстырылды. Құнды құжат аймақ үшін алғаш рет ұсынылып, қатысушылардың қызу талқысына түсті. Дөңгелек үстел қорытындысында осы мәселелерді еңсеруге бағытталған нақты ұсыныстар легі әзірленіп, әлеуметтік бастамаларды қолдаудың алдағы теңгерімді тетіктері белгіленді. Кәсіпкерлер, сарапшылар және қолдау құрылымдарының өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, бірлесіп дамудың жолдарын айқындады.
Басқосу барысында саладағы мемлекеттік қолдау тетіктері де сөз болды. Халықаралық тәжірибе де назардан тыс қалмады: кей елдерде әлеуметтік кәсіпкерлік экономиканың дербес драйверіне айналып үлгерген. Қарағандыдағы сындарлы диалог алаңы әлеуметтік кәсіпкерліктің соны кезеңге қадам басқанын көрсеткендей. Ең бастысы, қоғам игілігі үшін жасалған әрбір баянды бастама осындай ашық пікір алмасулар арқылы нақты іске жақындай түседі.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



