Қарағандыда алғаш рет саңыраулық диагнозы қойылған балаға имплантация жасалды
Қарағанды облысының медицина саласы үшін тарихи маңызды ота өтті. Өңірде алғаш рет ауыр дәрежедегі саңыраулық диагнозы қойылған балаға кохлеарлық имплантация отасы сәтті жасалды.

Жоғары технологиялы хирургиялық ота Қарағанды қаласындағы «Көпбейінді облыстық балалар ауруханасы» ШЖҚ КМК базасында өтті. Операция балаларға арналған күрделі оталардың бірі саналады және есту аппараттары көмектеспейтін балаларға дыбысты, сөйлеуді, қоршаған ортаны естуге мүмкіндік береді.

Кохлеарлық имплантация – балалар оториноларингологиясындағы ең күрделі әрі жоғары дәлдікті талап ететін оталардың бірі. Ота барысында хирургтердің жоғары кәсібилігі, заманауи медициналық жабдықтар және мамандардың үйлесімді командалық жұмысы шешуші рөл атқарады. Бұған дейін мұндай операциялар тек Астана мен Алматы қалаларында ғана жүргізіліп келген. Ал, Қарағанды облысында алғаш рет аталған отаның жасалуы өңірдегі жоғары технологиялы медициналық көмектің дамығанын және салалық мамандардың кәсіби деңгейінің артқанын көрсетеді.

Аталған операцияны өңірде іске асыру үшін бірқатар маңызды шаралар атқарылды. Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған ірі балалар ауруханасы бой көтерді. Сонымен қатар, ЛОР-бөлімшесінің меңгерушісі, емдеуші дәрігер және сурдопедагог Санкт-Петербург пен Мәскеуде арнайы оқудан өтіп, Израильдің Хайфа қаласында кохлеарлық имплантация жүргізу бойынша кәсіби дайындықтан өтті. Бұл шаралар өңірдегі балаларға жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетуге толық дайындық қамтамасыз етті.

– 2024 жылы имплант орнатуға арналған арнайы аппараттар сатып алынса, жыл соңына қарай операциялық микроскоп жеткізіліп, толыққанды техникалық база жасақталды. Ота жасалған баланы ұзақ мерзімді оңалту кезеңі күтіп тұр. Операциядан кейін сурдолог пен логопедтің қатысуымен тұрақты оңалту жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ кохлеарлық имплант кезең-кезеңімен бақыланып отырады. Бұл операция баланың алдағы уақытта қоршаған орта дыбыстарын естіп, қатарластарымен еркін қарым-қатынас жасап, жалпы білім беретін мектепте оқуына және толыққанды дамуына мүмкіндік береді, – деді «Көпбейінді облыстық балалар ауруханасы» ШЖҚ КМК директоры Арғын Бидайбаев.
Айта кетейік, 2026 жылға дейін өңірде тағы 10 балаға кохлеарлық имплантация отасын жасау жоспарланып отыр. Бұл Қарағанды облысында балаларға көрсетілетін жоғары технологиялы медициналық көмектің жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайды.

Астана қаласының штаттан тыс бас балалар оториноларингологы, операциялық бөлімшенің меңгерушісі Арман Амангелдіұлының айтуынша, бүгін клиникада алғаш рет постлингвальды саңыраулық диагнозы қойылған 13 жастағы балаға кохлеарлық имплантация жасалды. Ота сәтті өтті және бұл жоғары технологиялық медициналық қызметтер қатарына жатады.

– Клиникада мұндай ота алғаш рет жасалды, бұл Қарағанды облысының балалары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырады. Республика көлеміндегі қажеттілік мемлекеттік қаржыландыру есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Егер Қарағанды қаласы да осы бағыттағы жұмыстарға белсенді түрде қосылса, жасалатын операциялар саны артып, бұл қызмет өңірдегі балаларға да қолжетімді болады, – деді Арман Амангелдіұлы.

Оның айтуынша, аурухана жаңа және заманауи жабдықталған: операциялық микроскоп, моторлы жүйелер бар. Кохлеарлық имплантация күрделі ота санатына жатады. Әдістеме стандартталғанымен, оны орындау үшін хирургтің отохирургия саласында тәжірибесі мен кәсіби дағдылары болуы қажет. Бөлімшенің меңгерушісі мен дәрігерлері осы бағыттағы операцияларды тұрақты орындайды.
Жамал АКПАРОВА
Ortalyq.kz



