Жаңалықтар

Қарағандыда алғаш рет «Өнер Барысы-2021» сайысы өтті

Қарағанды облысында алғаш рет «Өнер Барысы-2021» жарысы өтті. Турнир еліміздің Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды SaryarqaNews.kz тілшісі.

Байқаудың бір ерекшелігі, оған мәдениет саласының қызметкерлері: шоумендер, асабалар мен әншілер қатысты. Бірде-бір мереке қазақ күресінсіз өтпейтіндіктен, ұйымдастырушылар оның танымал болуына үлес қосуды жөн көрді.

a

Жарысқа 46 әуесқой спортшы қатысты. Балуандар 2 түрлі салмақ дәрежесінде бақ сынасты. Ұйымдастырушылардың бірі, шоумен, асаба Айбат Никулин шығармашылық адамдарды спорттық турнирде біріктіру идеясының қалай пайда болғанын айтып берді.«Бұл идея маған 2 жыл бұрын келді. Танымал тұлғалардың қатысуымен өтетін мұндай байқаулар республикалық деңгейде жиі ұйымдастырылады. Осыны неге Қарағандыда өткізбеске деп ойладым. Бірақ бұл сайысқа өнерде енді-енді танылып келе жатқан және аты шыққан жұлдыздар қатысады. Олар өздерін көрсетіп, қазақ күресінің деңгейін көтеруге үлес қосқысы келеді», – дейді Айбат Никулин.

a

Жарыс барысында сахна сыртында SaryarqaNews.kz тілшісі эстрада жұлдыздары Қуандықа Рахым мен Нұржан Керменбаевтан эксклюзивті сұхбат алып үлгерді.
«Қарағандыда осындай ауқымды шара өтіп жатқанына өте қуаныштымын. Мен мұндай бастаманы қолдауға әрқашан дайынмын. Барлық спортшыларға сәттілік тілеймін. Келесі жылы «Өнер барысына» мен де қатыссам ба деген ойдамын», – дейді халықтың сүйікті әншісі Қуандық Рахым.

a

Сондай-ақ қарағандылықтардың бұл бастамасына «Қапқарашка» лақап атымен танылған Нұржан Кеменбаев та қолдау білдірді. Оның шығармашылығын ұнататындар біраз уақыт сүйікті орындаушысын жоғалтып алды. Әншінің айтуынша, бұл «уақытша үзіліс» болды.
«Барлық қарағандылықтарды, қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын. Қатысушылар бар күштерін көрсетіп, шығармашылықпен ғана емес, күш-қуатпен де бәсекеге түсе алатындарын дәлелдеуде», – дейді әнші Нұржан Керменбаев.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз «Өнер Барысы-2021» белбеуіне ие болады.
Аяжан ЕРАЛЫҚЫЗЫ

Басқа материалдар

Back to top button