Бас тақырыпБасты тақырыпБілім

Қарағандыда академик Евней Бөкетовке арналған халықаралық ғылыми конференция өтуде

Академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде көрнекті ғалым, академик Евней Арыстанұлы Бөкетовтің туғанына 100 жыл толуына орай «Е.А. Бөкетовтің ғылыми көкжиектері» атты Халықаралық ғылыми конференция өтті.

Суретті түсірген Жангелді Әбдіғалым

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғұлама ғалым, қоғам қайраткері дарынды жерлесіміз Евней Арыстанұлы Бөкетовтің 100 жылдығына ерекше назар аударып отырғанын жеткізіп, құттықтау хатын оқыды. 

“Қадірлі қауым! Сіздерді көрнекті академик Евней Бөкетовтің туғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми конференцияның ашылуымен құттықтаймын. Евней Арыстанұлы Бөкетов ұлттық ғылымның өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан қайраткер. Халықаралық ғылыми ортада  беделі бар заңғар тұлға. Оның химия-металлургия саласына арнаған еңбектерінің мән-маңызы айрықша. Ғалымның бірегей зерттеулерінің негізінде еліміздің ғылыми-техникалық әлеуеті нығая түсті. Евней Бөкетов Қарағанды мемлекеттік университетінің алғашқы ректоры  ретінде жоғары білім саласын  өркендетуге зор еңбек сіңірді. Білікті кадрлар даярлауға, жас ғалымдарды қолдауға ерекше көңіл бөлді.

Академик Евней Бөкетов әмбебап ғалым болды. Ол әдеби-публицистикалық шығармалар жазып халқымыздың рухани дүниетанымын байытуға өзінің қомақты үлесін қосты. Осылайша елге қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Бүгінгі жиында Евней Арыстанұлы Бөкетовтің қайраткерлік қасиеті мен мол мұрасын дәріптеу, оны өскелең ұрпақ жадында сақтау  туралы салмақты ой-пікірлер мен  ұсыныстар айтылады деп сенемін. Конференция жұмысы жемісті болсын”  делінген хатта. 

Конференцияға Қазақстан Республикасы Парламентінің  Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Ұлыбритания, Қытай, Венгрия, Түркия, Ресей, Беларусь және Өзбекстаннан келген жетекші шетелдік және отандық ғалымдар, белгілі түлектер де болды.

Е.А. Бөкетовтің туыстары, мәдениет қайраткерлері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Конференцияда үш бағыт бойынша 200-ге жуық ғылыми баяндама ұсынылды.

Оның ішінде: 

  1. Ғылыми мұра: химия, металлургия және технологиялар – 60 баяндама
  2. Әдеби және публицистикалық мұра – 35 баяндама
  3. Е.А. Бөкетов қоғамдық ойшыл ретінде: гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар – 101 баяндама

 

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button