Қарағандыда академик Әбілқас Сағыновтың 110 жылдығына арналған конференция өтті
Қарағанды облысында ұлттық инженерлік мектептің негізін қалаған, көрнекті ғалым, академик Әбілқас Сағыновтың 110 жылдығына арналған іс-шаралар өтті. Ұлы тұлғаның ғылыми мұрасы мен техникалық білім беру жүйесін дамытуға қосқан елеулі еңбегі Қазақстан мен шетел жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары, сарапшылары және білім беру саласының өкілдері қатысқан ғылыми-тәжірибелік конференцияның негізгі арқауына айналды.


Конференцияны ашқан Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректоры Сауле Сағынтаева академиктің ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығын күшейту, тәжірибеге бағытталған оқытуды жетілдіру жөніндегі ғылыми-тәжірибелік қағидаттары бүгінгі күні де университеттің стратегиялық бағытын айқындайтынын атап өтті.

– Бұл күн – тек біздің университет үшін ғана емес, бүкіл қазақстандық ғылым қауымдастығы үшін маңызды. Ел индустриялық-инновациялық даму жолын белсенді жалғастырып, өңірлердің инфрақұрылымдық мүмкіндігі өсіп, техникалық мамандарға деген сұраныс артып отырған шақта Әбілқас Сағынов еңбектерінің өзектілігі бұрынғыдан да айқын сезіледі. Бүгінгі студенттер, жас ғалымдар мен ұстаздар қауымы үшін оның жарқын жолын абыроймен жалғастыру – үлкен жауапкершілік, – деді Сауле Сағынтаева.

Конференция қатысушылары академик Сағыновтың инженер кадрларын даярлауды мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі тетігі деп қарастырғанын атап өтті.
Шараға ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаты жолданды.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей өңір басшылығының құттықтауын жеткізіп, ғалымның Қарағанды өңірінің ғылыми әлеуетін қалыптастырудағы тарихи рөлін ерекше атады.
– Академик Әбілқас Сағынов отандық ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосты. Әсіресе өндіріс пен тау-кен өнеркәсібімен тығыз байланысты Қарағанды қаласының ғылыми деңгейін көтеруге, сондай-ақ өнеркәсіптік сектор үшін техникалық мамандар даярлау ісін жүйелеуге сіңірген еңбегі айрықша, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Конференция барысында университеттің дамуына, өнеркәсіп пен ғылыми ортаға айтарлықтай үлес қосқан түлектерге мерейтойлық медальдар табысталды.

Сондай-ақ университеттің бірқатар қызметкерлеріне «Ә. Сағынов атындағы ҚарТУ-дың еңбек сіңірген қызметкері» атағы берілді.

Сала мамандары мен тау-кен ғылымы өкілдері де марапатталды.

Жиында академиктің 110 жылдығына арналған энциклопедияның тұсаукесері өтті.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі



