ПоэзияРуханият

Қарағандыда ақын Жәлел Шалқардың «Жырға айналып барады мына дүние» атты әдеби кездесу кеші өтті

Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ақын, журналист Жәлел Қуандықұлының  «Жырға айналып барады мына дүние» атты әдеби кездесу кеші өтті. Поэзия мен сырлы ой  тоғысқан жиынға зиялы қауым өкілдері мен оқырман қауым қатысты.

Суреттерді түсірген А. Марченко

Келелі кездесуді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің аға оқытушысы Нұртілеу Сиязбаев тізгіндеді. Кеште күні кеше ғана оқырманға жол тартқан ақынның «Алма гүлінің иісі» атты жыр жинағы таныстырылды. Бұл – Жәлел Шалқардың екінші кітабы. Қырықтың қырқасына шығып, жаңа жасымен жарыса жеткен бұл жинақ мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көрген. Кітапқа ақынның соңғы жылдары жазылған, сиясы кеппеген өлеңдері енген.

Тізгінқағар сөз кезегінде ақынның аға буын қаламгер әріптестері – Сүйіндік Жанысбай, Серғазы Қабылдаұлы, Ерсін Мұсабек, Жанат Жаңқашұлы және өзге де үзеңгілес достары жылы лебіздерін білдірді.

– Жәлелмен 2009 жылдан бері етене араласып келеміз. Бәріміз бір терінің пұшпағын илеп жүргендіктен, қашан да бір-бірімзе қолдау, демеуді аяған емеспіз. Оның өрнекті өлеңдерін талғампаз оқырман бұрыннан жоғары бағалайды. Ақын поэзиясындағы «сағыныш» тақырыбы – көп өлеңдерінің өзегі. Екі кітаптың арасы он жыл болғанымен, осы уақыт ішінде шығармашылық тұрғыдан едәуір өсу бар. Алдағы уақытта да досымның өлең өлкесінде өрісі кеңейе берсін деп тілек қосамын, – деді ақын Ерболат Қуатбек.

Кітап атауына үңілсек, автордың айтуынша, жинақтың тақырыбын шоқтығы биік өлеңдерінің бірі «Алма гүлінің иісін» деп аталады. Әрі ақын бала күнінде алма бағының ортасында асыр салып өскенін де тілге тиек етті. Алма ағашының мамыр айының соңында кеш гүлдейтіні секілді, ақын да «Ештең кеш жақсы» деген ұстанымды өмірлік қағида етіп жүргенін атап өтті.

– Алғашқы «Құмдауыт» атты кітабым осыдан тура он жыл бұрын жарық көрді. Екінші жыр жинағым да мерейлі жасыммен жарыса қолыма тигеніне дән ризамын. Өзім осы ілім ордасында қызмет атқарған соң, кітапхана ұжымының ұсынысын қуана қабыл алдым. Бұл кітабым – соңғы жылдардағы ішкі ізденіс пен өмірлік толғаныстардың жемісі деп білемін. Оқырманның жүрегіне жол таба алса, мақсатымның орындалғаны, – деді кеш иесі.

Кеш барысында ақынмен ашық форматта еркін әңгіме өрбіді. Жәлел Шалқар жаңа өлеңдерін тебірене оқып, кештің шырайын кіргізді. «Қасқадан қасқа тумаса да, төбел туады» демекші, ұлы Нұрасыл Қуандық күмбірлеген күй тартып, өнер көрсетті. Сондай-ақ, Нұрасыл Аманжол, Ақжігіт Сағынтай, Қуаныш Салтанат сынды жас өрендер мен Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенттері ақын өлеңдерін жатқа оқыса, талантты әнші Заманай Исатай ақын сөзіне жазылған әнді әуелетті. Әнін талантты жас композитор Ердос Қожа жазған. Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі Жанат Жанқашұлы кеш иесіне есімі елге етене таныс қылқалам шебері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ерсін Темірғалиевтің ақынның «Көсеу» атты өлеңіне салынған иллюстрациялық суретін тарту етуі – кештің ерекше сәттерінің бірі болды. 

Кездесудің соңғы бөлімінде көрермендер, әсіресе студенттер тарапынан қойылған сауалдарға ақын тұщымды жауап берді. Кеш соңында Жәлел Шалқар келген қонақтарға және іс-шараның өтуіне ұйытқы болған кітапхана ұжымына шынайы алғысын білдірді.

Мирас Асанның “Есімің кім?” деп едім, Жәлел деді, айбынды екен әр сөзі, әр өрнегі. “Поэзия жоқ” дедім әдейі оған, “поэзия бар” деді, дәлелдеді” дегеніндей, ақын шығармашылығы алдағы уақытта да шарықтай беріп, қаламының қарымы қарыштайды деп бек сенім білдіреміз.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button