Қарағандыда 99% су құбырларының тозығы жеткен
Қарағандыда тозығы жеткен су және кәріз жүйелері кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Бүгінде құбырлардың шамамен 80 пайызының тозығы жеткен. «Қарағанды Су» ЖШС биыл «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы аясында 30 көшенің құбырын жаңартуда. 2025 жылға арналған инвестициялық жоспар 43 нысанды қамтиды. Оның жалпы ұзындығы – 34 шақырым. Оның 16,5 шақырымы су құбырларын және қалған бөлігі – кәріз жүйесін құрайды.

Жаңғыртуға кәсіпорынның өз бригадалары да, мердігер ұйымдар да тартылған. Компания бас директоры Ербол Төлеуовтің айтуынша, өткен жылы 20 шақырым су және кәріз желісі ауыстырылған. Биыл да осы қарқын сақталмақ. Бұл жыл сайынғы тозуды шамамен 2 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді.
Су құбырларының тозуы қазір 99 пайызға жеткен. Соңғы бес жылда 100-ден астам апатты жағдай жойылып, кешенді жаңарту қажеттілігі туындаған. Биыл 12 нысанда реконструкция қарастырылған, оның 70 пайызы орындалды. Қазір жұмыстар Охотская, Крылов, Есіл, Ермеков көшелерінде жүріп жатыр.
Аманжолов көшесінде ұзындығы 1,2 шақырым металл құбырлар орнына шамамен 50 жыл қызмет ететін пластик құбырлар төселуде. Мұнда көлденең бұрғылау технологиясы қолданылып, жол жабындысын қазусыз сақтауға мүмкіндік беруде.
Биылғы басты назар – кәріз желілерін жөндеуге аударылған. Көптеген учаскелерде олардың тозуы 100 пайызға жеткен. Бағдарламаға енгізілген 31 нысанның жалпы ұзындығы – 18 шақырым. Бүгінгі таңда оның 8 шақырымы жаңартылды.
Құрылыс жұмыстары Шахтерлер және Н. Әбдіров даңғылдарында, Белинский, Магнитогорск, Локомотив, Шығыс, Зелинский, Восточная, Сводная көшелерінде және 23-ші шағын ауданда жүргізілуде.
Қазіргі күнге дейін шамамен 20 шақырым инженерлік желі қайта жаңғыртылып, қаладағы апат қаупі біршама азайды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА