Қарағандыда 70 шақырымнан астам жол жөнделеді
Қарағанды қаласында 72 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді. Биыл қаланың шеткі аудандарындағы бұрын-соңды асфальтталмаған қара жолдарды жөндеу көзделіп отыр.
Қала көшелерін жөндеуден өткізуге 6 миллиард теңге бөлінген. Осы арқылы 52 учаске анықталып, 20 пайыздан астамында жұмыстар аяқталып қойған. Бұқар жырау көшесі бойынша 1,7 шақырым жол жөнделген. Атап айтар болсақ, Гончарная көшесінен Дүйсембеков, Ермеков көшесінен Әбдіров даңғылына дейін асфальт төселді. Республика көшесінде бірнеше күн уақытша шектеу қойылып, тиісті жұмыстар атқарылған соң көлік қозғалысы қайта қалыпқа келтірілді.
Қала бойынша жөнделуі тиіс 72 шақырым жолдың ішінде Бөкетов, Ғарышкерлер көшелерін жаңғырту жобасы да бар. Дүйсембеков көшесінен Құрылысшылар даңғылына дейінгі аралық алдағы айда жөнделетін болады. Байқал, Рақымбеков, Попов көшелерінде жөндеу аяқталған. 15 магистральдағы Теміртау бағытына дейінгі жолдың 60 пайыздан астамы қайта қалыпқа келтіріліп, тиісті шаралар жалғасуда.
– Бізде жеке секторлар аумағы үлкен. Михайлов, Майқұдық бойынша жұмыстар қолға алынған. Биылғы жылы басты назар жеке сектордың қара жолдарын асфальттауға аударылып отыр. Михайлов, Берлин кенті, Федоров және қаланың басқа бөліктеріндегі 50 көшеде асфальт төселеді. Жол жөндеу бойынша ең үлкен жоба – Ғарышкерлер көшесіндегі жолды қайта құрылымдау. Ол екі жылға есептелген, – дейді Қарағанды қаласының ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Григорий Ботнарь.
Жаңа суағарлар Вавилов көшесінде, сондай-ақ Нефтебаза аймағында салынады. Құрманғазы, Орск және Резник көшелерінде 15 шақырым нөсер кәрізін салу жеке аулаларды еріген қар суы басу мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Биыл Үлкен Михайлов станциясындағы теміржолдың үстінен жаяу жүргіншілер көпірі салынады. Тұрғындар жол сапасына қатысты қандайда бір күмәнді жайттар байқаса «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мекемесіне жүгінсе болады. Мамандар төселген асфальттің қаншалықты сапалы екенін арнайы құрылғылар арқылы анықтамақ.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz