АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағандыда 67 шақырым жаңа су құбыры салынады

Қарағанды қаласы биылғы жылдың соңына дейін орталықтандырылған сумен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл ауқымды жоба жеке секторды қоса алғанда, қаланың барлық аудандарын қамтиды. Солардың бірі – Жаңа Тихоновка елді мекені. Қазіргі таңда мұнда су құбыры жүйесін тарту жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Бұған дейін Жаңа Тихоновка тұрғындары суды құдықтардан алып келген. Енді бұл қолайсыздық артта қалмақ. Жоба аясында әрбір үйге су жеке құбырмен жеткізіледі. Нақтырақ айтқанда, диаметрі 63-тен 160 миллиметрге дейінгі 22 шақырым магистральдық су құбыры және диаметрі 25 миллиметр болатын 32 шақырым ішкі орамдық құбырлар төселеді.

Қарағанды қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Көкішевтің мәліметінше, жыл соңына дейін Жаңа Тихоновкада 1012 үй орталық сумен қамтылатын болады.

– Қазір қала бойынша жалпы 21 жоба іске асырылып жатыр. Бұл бағдарлама Сұрыптау, Майқұдық, Пришахтинск, Федоровка және Михайловка аудандарын қамтиды. Нәтижесінде 67 шақырым жаңа су құбыры салынып, 2341 үй сумен қамтылады. Осылайша біз Қарағанды халқының ауызсуға деген қажеттілігін толық өтеуді және Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауды мақсат етіп отырмыз, – деді Ержан Көкішев.

Жобада заманауи, сапалы және төзімді материалдар пайдаланылып жатыр. Құрылысқа өндіруші зауыттың 50 жылға дейін кепілдік беретін пластикалық құбырлары қолданылуда. Мердігер ұйым өкілінің айтуынша, бұл құбырлар технологиялық талаптарды сақтай отырып төселген жағдайда кем дегенде 15 жыл бойы ақаусыз қызмет етеді. Мұндай құбырлар қолданылған өзге нысандарда осы уақыт ішінде ешқандай жарылу немесе бұзылу тіркелмеген.

Су құбырларын төсеуде тек стандартты әдістер ғана емес, сонымен қатар көлденең бағытталған бұрғылау (КББ) технологиясы да қолданылады. Бұл — құбырларды ор қазбай, жабық тәсілмен тарту әдісі. Оның артықшылығы – жолдар мен тротуарлар, электр бағаналары мен басқа да жерүсті инфрақұрылымдары бүлінбейді, жұмыстардың ізі де қалмайды.

– Құбырлар шығатын жерлерде арнайы коммуникациялық құдықтар орнатылады. Бұрғылау кезінде қолданылатын бентонит құрамы қатқан соң құбырды қорғайтын берік қабат қалыптастырады, – дейді учаске бастығы Нұрлан Сағынаев.

Жобалық жұмыстар толық аяқталған соң, нысан «Қарағанды Су» ЖШС балансына беріледі. Құрылыс кезінде бұзылған аумақтар қайта қалпына келтіріледі. Ал келесі кезеңде жеке сектор аумағындағы жолдар асфальтталады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button