Қарағандыда 50-ден астам отбасы баспанасыз қалуы мүмкін
Қарағандыда құрылыс салушының қарызы салдарынан 50-ден астам отбасы баспанасыз қалу қаупінде тұр. «Әли» мен «Сұлтан» атты екі тұрғын үй кешенінің тұрғындары пәтер ақысын толық төлегенімен, әлі күнге дейін меншік құқығын рәсімдей алмай жүр. Оған себеп – құрылыс компаниясының миллиондаған қарызы. «31 арнаның» мәліметінше тұрғындар пәтер құнын толық төлеп, көбі жөндеу жұмыстарын аяқтап, үйлеріне кіріп алған. Бірақ олардың әлі де заңды сатып алу келісімшарты жоқ.
– Бізде үйдің ақысы 100% төленгені туралы түбіртек және алдын ала келісім бар. Бірақ ғимаратты пайдалануға беру барысында құрылыс салушының үшінші тұлғалар алдындағы қарызына байланысты сот құрылысшыға қатысты қамауға алу шараларын жүргізіп, меншік құқығын тіркеуге үлгермедік. Тұрғындар сотқа жүгінгенімен жеңіліп қалды. Бірінші инстанция мүліктік құқықтар тіркелмеген деп шешті, яғни пәтерлер формальды түрде құрылыс салушыға тиесілі, енді оның мүлкі қарыздарын өтеу үшін сатылуы мүмкін, – дейді тұрғын Мәдина Мұтталапова.
Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі болса:
– Құрылысшыға қатысты «Аса ірі көлемдегі алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол қазір қамауда отыр. Қылмыстық іс бойынша бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды. Нәтиже алынғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жіберіледі. Құрылыс компаниясының иесі мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін,- деп жауап берді.
Тұрғындар баспанаға құқықтарын облыстық сотта дәлелдей алатындарына әлі де үмітті. Әйтпесе ақшасыз, баспанасыз қалулары мүмкін.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.