Қарағандыда 28 наурыз күні онкология бойынша ашық есік күні өтеді
Сенбі, 28 наурыз күні Қазақстанның барлық өңірлік, қалалық және облыстық онкологиялық орталықтарында Бірыңғай ашық есік күні ұйымдастырылады. Қарағанды тұрғындары бұл күні Қарағанды қаласының №3 көпсалалы ауруханасы (Аманжолов көшесі, 189) мекемесінде жетекші онколог дәрігерлердің тегін қабылдауына қатыса алады.

Іс-шара онкологиялық аурушаңдық пен өлім-жітімді төмендету, сондай-ақ мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясат аясында өткізіледі. Бұл күні азаматтар учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз және алдын ала жазылусыз қабылданады.
Ашық есік күні барысында келесі қатерлі ісік түрлерін ерте анықтауға ерекше назар аударылады:
• жатыр мойны обыры;
• колоректалдық обыр;
• бүйректің қатерлі ісіктері.
Мамандар онкологиялық аурулардың алдын алу, алғашқы белгілерін тану және дер кезінде тексерілудің маңызы жөнінде кеңес береді. Сонымен қатар заманауи диагностика мен емдеу әдістері туралы ақпарат ұсынылады.
Қабылдау барлық ниет білдірушілер үшін ашық. Өзіңізбен бірге:
• жеке куәлік;
• бар болса, бұрынғы тексеру нәтижелері (УДЗ, КТ, МРТ, медициналық қорытындылар) болуы қажет.
Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды өз денсаулығына мұқият қарауға, алаңдататын белгілерді елемеуге және дер кезінде дәрігерге қаралуға шақырады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



