АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағандыда 2026–2028 жылдарға арналған жаңа бюджет бекітілді

Қарағанды облыстық мәслихатының кезекті XXXI сессиясында өңірдің 2026–2028 жылдарға арналған бюджет жобасы бекітілді. Құжаттың негізгі қағидаты бұрынғысынша – әлеуметтік міндеттемелерді орындау және халықтың әл-ауқатын арттыру. Бюджет облыс дамуының стратегиялық мақсаттарына – экономикалық өсімге, өмір сапасын жақсартуға және тұрғындардың тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталған. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Экономика және бюджет жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Людмила Башаринаның айтуынша, 2026 жылы бюджет шығыстарының 64,6%-ы әлеуметтік саланы қолдауға жұмсалады. Нақты секторды дамытуға және бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға 23,4% қарастырылған.

– Құқық қорғау органдарының қызметін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға, азаматтық қорғанысты ұйымдастыруға және пробация қызметін жүргізуге 5% бағытталады. Ал жалпы мемлекеттік шығыстардың үлесі 6,2% құрайды, – деді Людмила Башарина.

Өңір республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер мен бюджеттік несиелер алатын болады. Бұл қаражат жылу және газбен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға жұмсалады.

Бюджет жобасын әзірлеу кезінде депутаттардың ұсыныстары ескерілгені атап өтілді. Қаржылық құжат экономиканың барлық негізгі бағыттарын қамтып, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындауға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және өңір экономикасының орнықты дамуын жалғастыруға бағытталған.

Сессияда сонымен қатар Қарағанды облысының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспары да бекітілді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button