Қарағандыда 200 спортшы қатысқан жекпе-жек турнирі өтті
Жастар мен ересектер арасында жекпе-жектен қалалық турнир өтті. Оған 200-ден астам спортшы қатысып, 18 салмақ дәрежесінде күш сынасты. Турнирдің ашылу салтанатына Халықаралық жекпе-жек федерациясының Бас хатшысы Ерназар Әлімбетов арнайы қатысып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Берік Досымбеков те спортшыларға ақжарма тілегін жолдады.

Өңірде жекпе-жек дамып келеді. Әсіресе, өскелең ұрпақтың қызығушылығы ерекше. Биыл бәсеке төртінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Оған 200-ден астам спортшы қатысса, оның 100-ге жуық жауынгері Қарағандының тоғыз мектебінен екен. Жалпы, қатысушылар 16-17 және 18-23 жас санатында бақ сынап, өзара кіл мықтыны анықтады.
– Жекпе-жек – біздің төл әскери өнеріміз. Негізі, бұл турнир қалалық ретінде ұйымдастырылғанымен, қатысушылар республика деңгейінде. Солтүстік Қазақстан облысы, Ақтөбе, Петропавл, Астана қалаларынан да спортшылар келді. Биылғы турнирге қатысушылардың саны былтырғыдан әлдеқайда көп. Спортшылардың шеберлігі де айтарлықтай өскен. Алдағы уақытта түрлі облыстық және республикалық турнирлер ғана емес, әлем кубогі мен әлем чемпионаты күтіп тұр. Бүгінгі күні жекпе-жек спортын түркі ойындарына да кіргізуге дайындық жүріп жатыр. Ал, бұл дегеніңіз жас буынды тәрбиелеудегі үлкен қадамның бірі – деді облыстық ұлттық спорт жекпе-жек федерациясының президенті Әділет Нұрмадиев.
16-17 жас санында 51 келі салмақта өнер көрсеткен Айдос Имаммедиев Қарағандыдағы жекпе-жек спорт клубының тәрбиеленушісі. Өзі бұл турнирде үш кездесу өткізіпті. Алғашқы екі қарсыласы қарағандылықтар болса, ақтық кезеңде ақтөбелік спортшымен күш сынасқан. Финалдық кездесуді мерзімінен бұрын аяқтап, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұдан бөлек, 16 жастағы спортшы талай турнирлерден жүлдесіз қайтпаған. Атап айтсақ, ел чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері. Әрі жекпе-жектен спорт шеберлігіне үміткер. Күні кеше ғана республикалық Saryarqa Open турнирінде өнер көрсетіп, қарсылас шақ келтірмеген.
– Дәл осы спорт түрімен шұғылданып жүргеніме алты жылдан асты. Бала кезімнен осы спорт түріне қызығатынмын. Сол қызығушылығым мені үлкен спортқа алып келді. Бұл чемпионаттағы басты қарсыласым – «Абадан» спорт клубының өкілі еді. Төрт жыл бұрын сол спортшыдан жеңіліп қалған болатынмын. Осы жолы қайта кездесіп, есемді қайтардым. Алда әлі де турнирлер бар. Енді жаттықтырушыммен республикалық турнирге дайындалатын боламыз, – деді Айдос Бердібайұлы.
Доскей Team мектебінен осы турнирге екі спортшы қатысыпты. Жастар санатында бақ сынаған Нұрасыл Құдайберген ақтық бәсекеде сүрініп, күміс медальмен марапатталды. Ал, ересектер арасында сынға түскен Руслан Бекешов 57 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Бұл салмақта қатысушылар саны аса көп емес. Десе де, сайдың тасындай іріктеліп, кіл мықтылары келіпті.
– Бұл спортпен 10 жасымнан бері айналысамын. Осы уақыт ішінде кикбокс, ММА және қоянқолтық ұрыстан турнирлерге қатысып, тәжірибе жинадым. Соңғы рет қоянқолтық ұрыстан ересектер арасында өз салмағымда чемпион атандым. Ал, осы турнирдегі қарсыласым да осал емес. Өзі бойшаң. Жаттықтырушым шабуыл кезінде сақ болуды ескертті. Жаттықтырушымның кеңесін ұстана отырып, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтадым. Республика жолдамасы енді қоржында. Алдағы уақытта сол турнирге дайындықты бастаймыз, – деді жауынгер.
Турнир қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте облыс құрамасы топ жарды. Одан кейінгі сатыға ақтөбеліктер тұрақтаса, үздік үштікті Нұра спортшылары түйіндеді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



