Қарағандыда 100-ден астам көшет отырғызылды
Қарағанды қаласында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны шеңберінде кең ауқымды көгалдандыру акциясы өтті. Қалалық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылған бұл шара Сарыарқа көшесіндегі «Алаш» скверінде жүзеге асырылып, нәтижесінде 100-ден астам жасыл көшет отырғызылды.

Игі шараға қалалық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер қауымдастығының мүшелері, қоғам қайраткерлері мен коммуналдық қызмет қызметкерлері және еріктілер, жастар белсенділері Қарағандыны жасыл қалаға айналдыру жолында нақты үлес қосты.
Бұл шара — ел аумағында жүріп жатқан елді мекендерді көгалдандыру мен абаттандыруға бағытталған ауқымды экологиялық қозғалыстың бір бөлігі. Ұйымдастырушылар мен қатысушылар жастардың белсенділігін ерекше атап өтті.
— Мұндай акциялар адамдардың экологиялық сауатын арттырып, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті көзқарасын нығайтады. Әр азамат табиғатты аялауға өз үлесін қосуы керек. Бұл тек бүгінгі емес, болашақ ұрпақ алдындағы борышымыз, – деді Қарағанды қаласы кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Серік Санаубаев.
Көгалдандыру жұмыстары Қарағанды қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға, сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
«Таза Қазақстан» аясындағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz