Қарағандыда 1 маусымнан бастап қоғамдық көлікте жол жүру ақысы қымбаттайды
1 маусымнан бастап Қарағандыда қоғамдық көліктерде жол жүру ақысы көтеріледі. ONAY картасымен бір сапар 100 теңге, қолма-қол 200 теңге болады. Бұл туралы Қарағанды қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мәлімдеді.
Наурызда өткен мәслихаттың кезекті сессиясында депутаттар Қарағандыдағы қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын көтеру қажеттігі туралы шешім қабылдаған болатын. Өзгерістер бастапқыда 1 мамырда күшіне енеді деп жоспарланған, алайда жол жүру ақысы 1 маусымнан бастап қымбаттамақ. Бұл ретте әкімдік барлық жеңілдіктердің сақталатынын хабарлады. 18 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ көп балалы аналар, 1, 2, 3 топтағы мүгедектер, ерекше күтімді қажет ететін балалардың ата-аналары, мүгедектердің қамқоршылары, 1986 жылғы желтоқсаншылар, жерасты және тау-кен жұмысшылары, еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмысшылар, қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасылары, зейнетақысы 22 АЕК-тен төмен зейнеткерлерге жеңілдіктер қарастырылған. Жасы бойынша зейнеткерлер үшін де жәрдемақы өзгеріссіз қалады – 50 теңге. Қолданыстағы 80 теңгелік тариф 10 жылдан астам уақыт бұрын 2014 жылдың қаңтарында белгіленген. Содан бері тасымалдаушылардың негізгі шығындары орта есеппен 3,5 есеге өскен. Соңғы жылдары автопарктер қалалық және қала маңындағы бағыттарға 328 автобус сатып алды. Жолдағы автобустар саны 300-ден 420 бірлікке дейін өсті. Үш жаңа бағыт іске қосылып, бұрын жұмыс істеп тұрған үш бағыт қалпына келтірілді, Майқұдық және Пришахтинск бағытында автобус қатынасы сағат 22:30-ға дейін ұзартылды.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ