АймақБас тақырып

Кеншілер қаласында «09-90. Бейнелеу өнеріндегі өлке тарихы» көрмесі ашылды

Қарағанды облысының торқалы 90 жылдығы – тарихи белес қана емес, өңірдің рухани-мәдени өміріндегі айшықты оқиға екені кәдік. Мерейтой аясында аймақтың шежірелі тарихын, елге еңбегі сіңген тұлғаларын және өндірістік-экономикалық әлеуетін өнер тілі арқылы қайта зерделеуге мол мүмкіндік беріліп отыр. Осы атаулы датаға орай Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде  іріктелген «09-90. Бейнелеу өнеріндегі өлке тарихы» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті. Экспозиция өңірдің өткені мен бүгінін сабақтастыра отырып, Сарыарқаның көркем шежіресін көпшілік назарына ұсынды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Облыстың мәдениетін, өткені мен бүгінін сырлы суреттермен дәріптеуді мақсат тұтқан көрме экспозициясында кескіндеме, графика және мүсін өнеріндегі портрет пен пейзаж жанрлары кеңінен көрініс тапты. Көрменің шымылдығын Зағип және нашар көретіндер мен Саңыраулар мәдениет үйінің өнерпаздары ашып, қала мен еңбек адамдары туралы әндер шырқады.

– Қазыналы Қарағанды өңірі – тарихы терең, табиғаты тұмса, өндірісі өркендеген аймақ. Бүгінгі көрме тек жетістіктеріміз бен сәулеттік келбетімізді ғана емес, осы өлкені өркендеткен еңбек адамдарының тағдырын да көркем тілмен таныстырады. Облысымыз сапалы білім беру жүйесімен, жоғары мәдени деңгейімен ерекшеленеді. Сондықтан, бұл көрме – мерейтой аясындағы маңызды мәдени оқиға ғана емес, қала тұрғындары мен қонақтарына рухани тағылым беретін, өңірдің тұтас болмысын танытатын мазмұнды тарту деп білемін, – деді Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ноян Жүнісов.

 

Е. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессоры, Суретшілер одағының мүшесі Лариса Золотарева өз сөзінде мерейтойлық көрменің мазмұнына кеңінен тоқталып, экспозицияның идеялық-эстетикалық өзегін айқындап берді.

– Сағымы сайран қуған Сарыарқаның талай сыры бар. Бұл өлке тек өндірістік қуатымен емес, терең мәдени тамырымен де ерекшеленеді. Көрмеде ұсынылған туындылар өңірдің табиғи кеңістігін, тарихи жадысын және адам тағдырын тұтас бір көркем шежіреге айналдырған. Индустриялық пейзаждар аймақтың еңбек ырғағын, өндірістік тынысын бейнелесе, лиро-эпикалық пейзаждар Сарыарқаның кең тынысты болмысын, оның пәлсапасын ашады. Ал, портреттік жұмыстарда туған жердің рухани тарихын жасаған тұлғалардың кескін-келбеті сомдалған. Әрбір шығармада уақыт табы, адам еңбегі және ұлттық болмыс үндесіп жатыр, – деді Лариса Романовна.

Мерейтойлық көрмеде барлығы 61 жұмыс ұсынылған. Орталық Қазақстан – еліміздегі ең ірі өнеркәсіптік өңір болғандықтан, индустриялық пейзаж жанры ерекше дамыған. Мұны Михаил Подлесных, Сергей Щеголихин, Қуат Асқаров және басқа да суретшілердің еңбектері айқын дәлелдейді. Ал, Гелярий Гилевскийдің туындылары – көне Қарағандының шежіресі іспетті. Сонымен қатар, көрмеде лиро-эпикалық және эмоционалды лирикалық пейзаждар кеңінен ұсынылған.

Сондай-ақ, көрме барысында «Астана» балалар-жасөспірімдер клубының «Рококо» сән театрының жас модельдері сәнді киім үлгілерін көрсетіп, кештің көркін кіргізді. Шығармашылық іс-шараға орай музей қызметкерлері «Социалистік еңбек ерлері» атты бейнеролик әзірлеп, музей қорындағы еңбек ерлерінің портреттерін ұсынды.

Айта кетейік, «09-90. Бейнелеу өнеріндегі өлке тарихы» көрмесі 22 ақпанға дейін жалғасады.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button