АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағанды – Жезқазған трассасында реконструкция басталады

Қарағанды облысында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар, сондай-ақ қалалар мен елді мекендердегі көшелер мен көпірлердің жалпы ұзындығы 500 шақырымға жуық учаскесін жаңарту жоспарланып отыр. Негізгі мақсат – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және өңірдің көлік байланысын жақсарту.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

– Саран – Шахтинск автожолында күрделі жөндеу жалғасуда, сондай-ақ Шахан – Жаңаталап учаскесінде жөндеу жүргізілуде. Дубовка ауылынан Саран қаласына дейінгі жолды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленді, – деп мәлімдеді аппараттық кеңесте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Мұқашев. – Шерубай-Нұра өзені арқылы өтетін көпір қайта жаңғыртылуда. Есіл өзені үстіндегі көпірде техникалық қозғалысты наурыз айында ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл су тасқыны кезеңінде айналма жолсыз қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Биыл облыстық маңызы бар автожолдардың 13 учаскесінде жалпы ұзындығы 84 шақырымға орташа жөндеу жүргізіледі. Шахтинск – Есенгелді бағытында қар тоқтатқыш қоршаулар орнатылса, Қарағанды – Шахтинск жолында ауыр жүк көліктерінің қозғалысына бақылау күшейтіледі. Қорғалжын – Баршын бағытындағы құм-қиыршықтас жолдың проблемалық бөлігіне ағымдағы жөндеу басталады. Ал Жараспай – Нұра жолында еріген қар суларын өткізу үшін су өткізгіш құбырлар салынады.

Облыстық маңызы бар жолдар бойындағы жаяу жүргіншілер өткелдеріне қозғалыс датчиктері бар жарықтандыру орнатылып, жол жиектері көгалдандырылады.

Saran индустриялық аймағын дамыту аясында ұзындығы 21 шақырым болатын, индустриялық аймақтан Қарағанды – Астана тасжолына шығатын жолды реконструкциялауға жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.

Елді мекендер ішіндегі жолдарды жөндеуге бағытталған «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы жалғасады.

Қарағанды агломерациясының көлік жүйесін дамытуға ерекше назар аударылуда. А. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті 2030 жылға дейінгі көлік жүйесін дамыту тұжырымдамасын және қозғалысты талдаудың ақпараттық жүйесін әзірледі. Бұл шешімдер жол жүктемесін азайтып, тұрғындар үшін қолайлылықты арттыруға мүмкіндік береді.

Ал «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Думан Қалабиевтің мәліметінше, Қарағанды – Жезқазған автожолын реконструкциялау наурыз айының ортасында басталады.

Республикалық маңызы бар трассалардың тоғыз учаскесінде жалпы ұзындығы 200 шақырымға орташа жөндеу жүргізіліп, бір жол өткелі мен екі көпірге күрделі жөндеу жасалады.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жол инфрақұрылымын дамыту аясындағы жұмыстарды жүйелі бақылауда ұстауды тапсырды. Әсіресе, қысқы күтіп-ұстау сапасын, су тасқыны кезеңіндегі қауіпсіздікті, материалдардың сапасы мен нысандардың маусымға дайындығын қатаң қадағалау міндеттелді.

Барлық нысандар Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының оң қорытындысынан кейін ғана пайдалануға беріледі.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button