«Қарағанды жастары» ипотекалық бағдарламасына өтініш қабылдау басталады
Дүйсенбіден бастап Қарағанды облысының әкімдігі Отбасы банкімен бірлесе отырып, жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын іске қосады. 15-18 сәуір аралығында Қарағанды, Теміртау және Саран жастарының өтініштері қабылданбақ. Баспананы Қарағанды қаласында орналасқан бірінші немесе екінші нарықтағы нысандардан таңдап алу мүмкіндігі бар.

Жұмыс істейтін жастарға арналған жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасы Қарағандыда 2022 жылдан бастап жүзеге асырылуда. 2024 жылы ол Теміртау мен Саран жастарына қолжетімді болды.
– Бағдарламаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен жыл сайын 500 миллион теңге көлемінде «Отбасы банкі» желісі бойынша қоса қаржыландырумен 1 миллиард теңге бөлінеді. Үш жыл ішінде 350 ипотекалық қарыз мақұлданды. Жалпы облыс бойынша 2,1 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Осы қаражат аясында 107 жеңілдетілген ипотека беру күтілуде, – деді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова.
Бағдарлама аясында жас мамандар жылдық 6% -бен 20 млн теңгеге дейін ипотекалық қарыз ала алады. Ең ұзақ мерзімі – 19 жылға дейін. Бастапқы жарна – қарыз сомасының 10%. Тұрғын үйді бірінші және екінші нарықта таңдауға болады, алайда соңғы жағдайда үй 1974 жылдан бұрын салынбауы тиіс.
Бағдарламаға білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қызметкерлер мен коммуналдық қызмет қызметкерлері қатыса алады. Биыл тізімге жұмысшы мамандықтарының өкілдері, «Қазпошта» АҚ, ТЖД қызметкерлері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және т. б. кірді.
Басты шарттардың бірі – өтініш берушінің немесе оның жұбайының соңғы бес жыл ішінде жеке тұрғын үйінің болмауы.
– Өтініш берген соң «Отбасы банк» мамандары ізденушінің құжаттар пакетін, оның төлем қабілеттілігін, несие тарихын тексереді. Мысалы, жұбайсыз және баласыз адам қарыз алу үшін айына кем дегенде 221 мың теңге табуы керек. Егер екі баласы бар отбасы болса, онда жалпы табыс 370 мың теңгеден кем болмауы тиіс. Ипотека бойынша төлем сомасы алғашқы 8 жылда 184 мың теңгені және келесі 11 жылда 91 мың теңгені құрайды, – деді «Отбасы банкі» АҚ Қарағанды облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің бастығы Сұлтан Айдарханов.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz