Қарағанды – жасанды интеллект орталығына айналып келеді
Жаһандану дәуіріндегі адамзат баласының жеткен жетістіктерінің бірі һәм бірегейі – жасанды интеллект екені даусыз. Қазір әлемнің даму бағытын жасанды зердесіз елестету мүмкін емес. Ал, жастардың осы жаңа дәуірге бейімделуі – мемлекет үшін стратегиялық міндет.

ХХІ ғасырда мемлекеттердің дамуы табиғи ресурстарға емес, интеллектуалды әлеуетке сүйенеді. Қазіргі заманның басты капиталы – білім мен технология. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында бұл бағытқа ерекше тоқталып: «Жасанды интеллект экономикалық өрлеудің, адами капитал сапасын арттырудың және ұлттық инновациялық экожүйені дамытудың негізгі драйвері болуы тиіс. Бізге осы салаға маманданған зерттеу университетін ашу қажет», – деген еді. Президенттің бастамасы еліміздің барлық аймағында білім мен жастар саясатына тың серпін берді.
Қазірде Мемлекет басшысының бастамасы негізінде жаңа оқу стандарттары әзірленіп, зерттеу университетін ашу бойынша дайындық жүргізілуде. Мұндай жоғары оқу орны елімізде алғаш рет жасанды интеллект пен деректер ғылымына терең маманданбақ. Әйткенмен, бұл – тек Елорда төріндегі ғана жоба емес.
Қарағанды – өнеркәсіп пен өндіріс ошағы ғана емес, бүгінде жастардың инновациялық орталығына айналып келеді. Облыста жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту бағытында нақты жобалар жүзеге асуда. Соның айшықты айғағы – жақында өткен «SARYARQALAB: AQYL.DAMU.QADAM» жастар форумы.
Облыс жастары соңғы жылдары ғылыми-техникалық бастамаларға белсенді араласып келеді. Мәселен, өңірде «Digital Qazaqstan Education», «AI-Sana» және «Smart Region Karaganda» секілді жобалар іске асуда. Бұл платформалар арқылы жастар жасанды интеллект негіздерімен, бағдарламалау және деректерді өңдеу құралдарымен танысуда.
Өңірде цифрлық кадр даярлау ісі тек жоғары оқу орындарымен шектелмейді. Қазірдің өзінде аймақтағы мектептердің 80 пайызында информатика пәндері жаңартылған бағдарлама бойынша оқытылып, роботтехника кабинеттері ашылған.

Білім – кез келген технологиялық серпілістің негізі. Соның дәлелі ретінде жасанды интеллектті оқыту тек жаңа пән ретінде емес, жаңа ойлау мәдениеті ретінде қалыптасып келеді. Облыстағы жоғары және арнаулы оқу орындары бүгінде цифрлық трансформация процесінің алдыңғы шебінде.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті, Қарағанды индустриалды университеті және өзге де оқу орындарында жасанды интеллект негіздерін меңгеруге арналған оқу модульдері мен тәжірибелік зертханалар ашылған.
Осы бағытта AI-Sana және Digital Qazaqstan Education платформалары арқылы өңір бойынша 440 мыңнан астам студент пен оқушы тағылымдамадан өткен. Олар бұл жоба арқылы бағдарламалау тілдерін үйреніп қана қоймай, нейрондық желілер мен машиналық оқыту алгоритмдерін талдау дағдыларын меңгеруде.
Білім саласындағы өзгерістер мектеп қабырғасында да байқалады. Қазір облыстағы орта білім беру мекемелерінің басым бөлігінде «Цифрлық сауаттылық», «Информатика және жасанды интеллект» модульдері енгізілуде. Шалғайдағы ауыл мектептерінде де робототехника кабинеттері ашылып, оқушыларға бағдарламалау негіздері үйретіле бастады.
Жасанды интеллект адамды алмастырмайды. Ол тек бағыт сілтейді. Ал, сол бағыттың қай арнаға бұрылары тек әрбіріміздің өз еншімізде. Білім іздеген талапкер үшін бұл көмекші құрал, ал, дайын шешім іздеген жан үшін бұл ми дамуына шектеу. Технология қарыштаған сайын адамдық қасиет, парасат пен жауапкершілік те қатар өсуі керек. Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Көп тұрған су сасиды, көп ойламаған ми сасиды». Сол себепті де, ойлауды әсте ұмытпай, миды ширықтыру керек.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



