Қарағанды жайлы жиі қойылатын 3 сұрақ
«Яндекс Вордстат» ұсынған мәліметтерге сүйенсек, соңғы екі айда әлеуметтік желіде «Қарағанды университеті», «оқуға түсу Қарағанды», «гранттар Қарағанды», «Қарағанды онай» сынды тақырыптар ерекше сұранысқа ие. Қазіргі таңда қала тұрғындары қалаішілік автобустардың жүру ақысының көтерілуіне алаңдаулы болса, еліміздегі талапкерлер өңірдегі Жоғары оқу орындарын таңдауда белсенділік танытуда.

Қазақстанның түпкір-түпкірінен сауал жолдаған талапкерлер, Google мен Яндекс арқылы өңірдегі Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетіне қызығушылық танытқан. «Қарағанды медицина университетіндегі гранттар» тақырыбында ізденушілер де осы қатардан көрінді.
Қазақстан бойынша 2025-2026 оқу жылына 77 084 білім гранты бөлінгенін ескерсек, олардың ішінде инженерлік, педагогикалық, IT, жаратылыстану, денсаулық сақтау және басқа да салалар қамтылған. Осы бағытта Қарағанды облысы әкімдігі жергілікті бюджет есебінен кадемик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне 20 грант бөлді.
Бүгінде Қарағанды облысындағы жоғары оқу орындары, мысалы, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті мен Қарағанды индустриялық университеті, «Серпін» бағдарламасы бойынша студенттерді қабылдауда. Қарағанды индустриялық университетінде инженерлік-техникалық, IT және фармацевтикалық өндіріс технологиясы мамандықтарына 50 балдан жоғары (әр пәннен 5 балдан кем емес) балл алған түлектер грантқа түсе алады.
Оқырмандар әлеуметтік желіде сондай-ақ, Қарағанды облысының медицинасына қызығушылық танытқан. Еліміздегі үздік үштіктің көш басында тұрған Қарағанды медицина университетінің биылға бөлген грант санына қызығушылар саны басым. Бұл бағытта «Қарағанды Мед гранттар», «дәрігерлер Қарағанды медицина университеті», «емхана тіркелу Қарағанды» тақырыптарында сұраныс жолдаушылар көп. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының есебінше, 2024 жылдың соңына дейін Қарағанды облысының ауылдық аймақтарында 27 жаңа медициналық мекеме ашылды. 2025 жылы тағы 51 нысанның құрылысы жоспарланған.
Көпшілік әлеуметтік желіде сондай-ақ Қарағандыдағы автобустардың кестесі мен жол ақысын жиі талқыланған. Әлеуметтік желіде қала автобустарында жүру ақысы қымбаттайтыны айтылғалы, көпшіліктің сұранысы «Қарағанды оңай», «Қарағанды автобус» тақырыбына ауысты. Дегенмен, қазіргі таңда қалаішілік маршруттардағы жол жүру бағасы «ONAY!» электронды төлем жүйесі арқылы 100 теңге болса, қолма-қол ақшамен төлеу кезіндегі жол жүру құны – 200 теңге. Бұл тарифтер 2024 жылдың 3 маусымында күшіне енді.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz