Қарағанды қыраны
Ел кегі жүрегінде, кек күші ісінде болады. Астанамыз Алматы – қазақ халқының жүрегі болса, Қарағанды – жауға түйген қаһарлы қабағы, сілейте соғар, өлтіре сұлатар тас шоқпарының бірі.
Көп деп қорықпай, терең деп тайынбай, жау ордасын талай талқандаған жас қыран Нұркен Әбдіров сол түйілген қабақтан, сол кекті жүректен жарқ етіп атылған найзағайдың оғы сияқты. Қырағы көзді қыранның ұшса талмас қанаты мен тасқа салса мұқалмас темір шеңгелі сол кекті елдің Қарағанды сияқты ұлы көрігінен шыққан. Бұл – ел еңсесін көтере, ерлер ұтатын жер. Алып анадан туса, алыптардың өсіп, ер жетер ордасының бірі Қарағанды атанды. Қарт ата Әбдір мен қамқор ана Бағжан балаларын баулыр шақта Қарқаралыдан көшіп Қарағандыға келген.
– Атақты 1-ші шахтаның «қарауызын» мен тесіп едім, – дейді Әбекең.
Ата күшін, ана сүтін ақтау дегеннің дәл мағынасы – алтын бесік еліңнің үмітін ақтау болады. Нұркен ес білгелі көмірде жүрген әкесі мен ағаларының істеріне қарап, өз борышын жалпы жастардан анағұрлым кеңірек, анағұрлым тереңірек түсінген. Ол кітап магазинінде есепші болып жүргенде-ақ Советтер Союзының атақты ұшқыштарының суреттеріне көзі талғанша қарап, өзі де солардай батыр ұшқыш болуды арман етеді екен. Қасындағы жолдасына:
– Батырлардан иығым енсіз бе, білегім нәзік пе, саусағым саласыз ба? – депті. Жолдасы ол ойын мақұлдаған екен.
– Е, солай деші ақын болғыр! – депті. Оған да үлкен болашақты жора қылыпты.
Албырт жасқа алғыр ой тыным бермегендігі Нұркеннің әрбір ісіненақ көрініп тұр. Ол бір жағынан оқу оқып, я қызмет істей жүріп, Қарағандының облыстық аэроклубында ұшуға үйреніп, запастағы ұшқыш атағын алады. Өршіл көңіл көкке тартады, жоғары сүйрейді. 20 жастағы Нұркен 1940 жылы армияға шақырылғанда, ол әзір тұрған ұшқыш екен. Сондықтан, анағұрлым ұзақ жылдардың ішінде бітіретін ұшқыштар мектебін Нұркен 2 жылға жеткізбей бітіріп, 1942 жылдың күзінде сержант-ұшқыш-штурмовик болып шығады. Ең алғаш майданға ұшар, жау төбесінен шашыла түсер күні – 23 октябрь 42 жылы – көптен күтінген үлкен іске аттанар алдында, Отан алдында есеп берер кезеңде Нұркеннің терең ойланғандығы анасына жазған хатынан да айқын байқалады:
«Апа! Біз талайдан бері дайындалған уақыт бітті. Соғыстың қызу жеріне барамыз. Жастық шағымда алдарыңа шығып, қатты сөз айтқан болсам, басымды алдарыңда иіп, кешірім сұраймын. Мен жас жанымды жауға оңай бере қоймаспын. Жастығымды еселеп тұрып ала өлермін. Менің қолымда немістерге қорғасыннан сыбаға беретін жылдам ұшатын аэроплан бар… егер немістің көзін құртпасақ, немісті өлтірмесек, ол бізді өлтіреді. Сіздерге бұрынғы қызықты уақыт пен бостандық болмайды… Қадірлі әке-шешем, таң болса атты, қазір ұшамыз…» – депті. Нұркен Ұлы Отан соғысының майданында жастығын еселеп-еселеп алғандығын қазір бүкіл ұлы одағымыз біледі.
Сүйе білмес жүрек кектене де білмейді. Нұркен ата-анасы мен туған-туысқандарын ерекше бір жылылықпен, ұмытылмас қылықтармен сүйетін жігіт екен. Қазір Бағжан шешейдің қолында Нұркен жазған 82 хат сақтаулы жатыр. Сол хаттардың бәрінде де шын елжірей сағынған үлкен жүректен шыққан сөздер. Алыста қалған ата-ананың жай-күйлерін күнбекүн білгісі келіп отырған. Ылғи сүйеніш, ылғи қорған боларлық сөздерді жазған. Сәрсен дейтін үлкен ағасының 2 жасар қызы – Светланаға жазған хаттары жауға сонша мейірімсіз жүректің балаға сонша елжіреуін көрсетеді. Хаттарының көбін сол Светланаға жіберіп отырған. Көп хаттарының басы ылғи «Светжан» деп басталады. Бір хатында:
«Светжан! Кеше қалаға шығып, Кітап магазиніне келсем, кішкене балалардың суреттерін сатып жатыр екен. Қызығып кеттім де саған да алдым. Апа және Асқар, Светжанды осы суреттегі баладай ғып таза ұстап, әдемілеп өсіріңдер. Шәші де, барлығы да осы суреттегідей болсын» (29.VII.42 жыл).
Елін, жерін, ата-анасын сонша сүйген жас жігіт сағынған ана көкірегін бір иіскеп қайтуға мүмкіндік болса да, Совет елінің бір босағасына жау кіріп, туысқан Украина, Белоруссия елдерінің көңілінде кекті қаяу тұрғанда, демалыстан бас тартып майданға жөнепті. «Сол құтырған төбеттей жан-жақтан арсылдаған фашисттерге өлім оғын жұтқызуға асығып, үйге барамын деген демалысты жауды құртуға жұмсағалы отырмын. Онсыз қайсымызға да демалыс болмас, апа» депті бір хатында. Одан бұрынғы бір хатында оқуды тез бітіруге асығатынын айта келіп: «Барлық Совет халықтарының беретін бір-ақ жауабы бар – Германия фашистерінің көлеңкесін Совет жеріне түсірмейміз!» деп аяқтайды.
Артта, алыста қалған кемпір-шал мен ауру ағасының жайы қанша бунап келсе де Отан қорғау сияқты ұлы іске аттанады. Бірақ, сол арпалыста жүріп кейде екі минут, кейде үш минут уақыт тауып, ата-анаға қолын созады, алыстан құшақтайды – хат жазады. Қарт адамдардың хат күтіп қалмауын есінен шығармайды.
Ғабит Мүсірепов.
1943 жыл, июнь. Қарағанды.