Қарағанды университетіне «Зерттеу университеті» мәртебесі берілді
Үкіметтің 2024 жылғы 5 сәуірдегі қаулысына сәйкес академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне зерттеу университеті мәртебесі беріліп, оқу орнының 2024-2028 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілді.
«Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамына зерттеу университеті мәртебесі берілсін», – делінген ресми құжатта.
Алдағы бес жылға арналған университетті дамыту бағдарламасына жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейлерінде ғылыми қызмет пен оқу үдерісін интеграциялау, сапалы білімнің теңдігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, дарынды жастарды тарту, елдің интеллектуалдық әлеуетін көтеруге және Қазақстандағы ғылыми мектептердің халықаралық беделін арттыруға мүмкіндік беретін іргелі және қолданбалы ғылым саласындағы жобаларды іске асыру, университет ғалымдарының патенттерді, лицензияларды сату, стартап жобаларды әзірлеу түріндегі қолданбалы зерттеулерінің нәтижелерін облыс экономикасына енгізу секілді міндеттемелер кіреді.
– Buketov University көптеген жылдар бойы еліміздің университеттерінің үздік бестігіндегі өз орнын сенімді ұстай отырып, отандық білім берудің флагманы болып келеді. QS Asia рейтингінде университет халықаралық деңгейде өзінің бәсекеге қабілеттілігін көрсете отырып, 206-шы орында тұр, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Университеттің ғылыми инфрақұрылымында 13 факультет, 20 ғылыми-зерттеу институты, ғылыми орталықтар мен ғылыми зертханалар жұмыс істейді. Бүгінде жоғары оқу орнында жалпы сомасы 2 миллиард теңгеге жуық 112 ғылыми жоба іске асырылуда. Бұл жобалар «жасыл» технологияларды дамытудан бастап цифрлық әлемде әлеуметтік бейімделуге дейінгі көптеген салаларды қамтиды.
Мұнымен қоса, білім берудің халықаралық стандарттарына сәйкес ғылыми-зерттеу құзыреттіліктерінің кешенін меңгерген жас ғалымдарды магистратура мен докторантурада даярлау, экономика секторларын инновациялық модернизациялау, аддитивті өндірісті енгізу, өндірісті бақылау және басқару жүйелерін оңтайландыру, ҚарУ профессорлық-оқытушылық құрамының, студенттердің, магистранттардың, докторанттардың қатысуымен жаңа көпфункционалды материалдарды құру және ғылыми зерттеулер жүргізу бағдарламаның негізгі бағыттары.
Осылайша, Қарағанды университеті серпінді ғылыми зерттеулер мен білім беру инновациялары арқылы аймақ пен елдің жоғары технологиялық дамуына ықпал етеді.
Даму бағдарламасында көзделген жоба-жоспарларды қаржыландыру университеттің жеке есебінен және тартылған бюджеттік инвестиция есебінен жүзеге асырылады.
Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.
Университет ректоры Нұрлан Дулатбеков зерттеу университеті мәртебесінің берілуі Buketov University ұжымының күш-жігерін лайықты мойындау екенін атап өтті.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz