Қарағанды университеті Азиядағы үздік университеттер рейтингінің алдыңғы қатарында
35 қазақстандық жоғары оқу орны 2025 жылғы QS Азия университеттері рейтингіне енді. Олардың қатарында қарағандылық үш университет бар, деп хабарлайды Ortalyq.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл QS Азия рейтингіне 985 университет қатысқан. Бұл Үндістан, Қытай, Вьетнам, Тайланд, Тайвань, Малайзия, Пәкістан, Жапония, Оңтүстік Корея тәрізді елдердің оқу орындары. Бұл жолы тарихтағы ең үлкен қатысушылар саны тіркеліп отыр.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті өткен жылмен салыстырғанда 39 позицияға көтеріліп, 167-орынға ие болды. Азиялық рейтингке енген 35 қазақстандық университеттің ішінде ҚарУ үздік ондыққа енді.
Айта кету керек, университет студенттердің шығыс мобильдігі көрсеткіші бойынша Азиядағы 50 үздік университеттің қатарына да енді. Сонымен қатар, оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы, жұмыс берушілер арасындағы беделі, академиялық беделі және студенттердің халықаралық академиялық мобильдігі көрсеткіштерін жақсартты.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті 264-орынды иеленсе, Орталық Азиядағы жоғары оқу орындары арасында XIV орынға көтерілді (барлығы 65 Орталық Азия университеті қатысты). Ал, қазақстандық жоғары оқу орындарының рейтингінде бұл университет ХХ орында тұрақталды.
Қарағанды индустриалды университеті рейтінгінің 701–750 орнына тұрақталды.
QS Азия университеттері рейтингі қазіргі таңда ең беделді. Ал университетті бағалау жүйесі (индикаторлары) білім сапасын бағалаудың әлемде мойындалған құралы ретінде саналады.
QS университеттерді академиялық беделін, оқытушылар мен студенттердің арақатынасын, ғылыми жарияланымдар және халықаралық зерттеулерге қатысу деңгейі бойынша бағалайды.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.