АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағанды әуежайы – Қытай мен Еуропаны жалғайтын жаңа логистикалық торапқа айналмақ

Қарағандыдағы «Сарыарқа» халықаралық әуежайында заманауи авиаотын құю кешені салынады. 

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Бұл нысан Қытайдың Үрімші қаласы мен Қарағанды арасындағы тікелей әуе қатынасын нығайтып, өңірдің транзиттік әлеуетін едәуір арттырмақ. 

Жоба іске қосылған күні Қарағандыға алғаш рет Үрімшіден С909 әуе кемесі қытайлық ресми делегациямен келді.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев нысанның іргетасын қалау рәсімінде жаңа кешеннің стратегиялық маңызын атап өтті.

– Мемлекет басшысы әуежайды дамыту жөнінде нақты тапсырма берді. Біз оны континенттік мультимодальды аэрохабқа айналдыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазірдің өзінде жылына 50 мың тонна жүк өңдеу мүмкіндігі бар, ал төрт жылдан соң бұл көрсеткіш 200 мың тоннаға жетеді. Каспий порттарының кеңеюімен бірге Қарағанды Қытай мен Еуропаны байланыстыратын негізгі логистикалық торапқа айналады, – деді аймақ басшысы.

Жобаны Silkway Aviation Airport Development (Silu Hangkong) бірлескен кәсіпорны жүзеге асырады. Оның құрылтайшылары – қытайлық компаниялар және қазақстандық ASG (Тимур Турлов, Ерлан Оспанов, Руслан Ғаббасов). 

Құрылыс үш кезеңнен тұрады: алдымен технологиялық жабдықтар орнатылады, кейін сыйымдылығы 2000 текше метрлік резервуар мен қызметтік ғимарат салынады, ал 2027 жылға қарай қойма көлемі 4000 текше метрге ұлғаяды. Жоба Petro China компаниясымен бірлесе, Еуропалық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сай іске асырылмақ.

Қарағандыға алғаш рет Үрімшіден С909 әуе кемесі қытайлық делегациямен келді. Тараптар Jet A-1 авиаотынының жеткізілімі, қалалар арасындағы әуе қатынасын дамыту және жүк тасымалын үйлестіру жөнінде келісімдерге қол қойды.

— Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық және авиациялық серіктестіктің жаңа кезеңі басталғанына сүйене отырып, Қарағанды әуежайын жоғары сапалы Jet A-1 авиаотынымен қамтамасыз етуге дайынбыз. Бұл Қазақстанның авиациялық инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесіміз болады, – деді PetroChina International (Kazakhstan) Ltd бас директоры Гэн Цзянь.

Сапар аясында авиаотын жеткізу, әуе қатынасын дамыту және жүк ағындарын үйлестіру жөніндегі келісімдерге қол қойылды. Silkway Aviation Airport Development тек отынмен жабдықтаумен шектелмей, Қытайдан Еуропаға дейін мультимодальды жүк тасымалдарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

— Бұл жоба «One Belt, One Road» бастамасының маңызды буынына айналады. Ол транзиттік бағыттардың кеңеюіне, жүк тасымалының тиімділігін арттыруға және Қазақстанның халықаралық көлік-логистикалық картасындағы рөлін күшейтуге ықпал етеді, – деп түйіндеді JET FUEL SERVICE компаниясының негізін қалаушы Ерлан Оспанов.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button