АймақҚарағанды

Қарағанды әуежайы мультимодальды аэрохабқа айналады

Жаңа инвестордың келуіне байланысты Қарағанды қаласының «Сары-Арқа» әуежайының даму келешегі ұлғая түсті. Қазір әуе айлағы Эквадордан, Бельгиядан және Нидерландыдан жүк рейстерін үнемі қабылдайды. Күн сайын мұнда гүлдер тиелген ұшақтар ұшып келеді, содан кейін олар бүкіл Қазақстан мен ТМД елдеріне жіберіледі. Қарағандыдан Гонконгқа борттар мал шаруашылығы өнімдерін жеткізеді. Алдағы жоспарда – мультимодальды аэрохаб құру.

Суреттер: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Gargohub Karaganda стратегиялық жобасы туралы Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов айтып берді.

– Бүгінгі таңда мультимодальды аэрохаб құру моделі әзірленді. Әуежай аумағында «Сарыарқа» АЭА субзонасын ашу қажет. Мемлекеттің міндеті – қосымша инфрақұрылымды жеткізу. Жеке инвестициялар да болады. Сарапшылардың бағалауы бойынша, жобаны іске асыру 2000 тұрақты жұмыс орнын құруға, жыл сайынғы салық түсімдерін 135 млн АҚШ долларына ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді ол.

Ауқымды жоспарларды жүзеге асыру уақытты қажет етеді: бағдарлама 2030 жылға дейін есептелген. Бүгінде Қарағанды әуежайы арқылы 15 мың тоннаға жуық жүк өтеді. Есептеулер бойынша, аэрохабтың тиімді дамуы кезінде көлемді 200 мың тоннаға дейін ұлғайтуға болады. Бұл үшін бірқатар факторлар бар, соның ішінде E-commerce дамуы.

Сонымен қатар, «Сары-Арқа» әуежайының аумағында үш жеке қазақстандық жүк авиакомпаниясы орналасқан. Олар он жүк ұшағын сатып алуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта бір борт сатып алынды, ол қазір кедендік тазартудан өтуде.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button