«Қарағанды-Теміртау» тас жолында жантүршігерлік апат орын алды
Бүгін «Қарағанды-Теміртау» тас жолында екі жеңіл көлік соқтығысып, оқиға орнында екі адам қаза тапты. Одан бөлек, үш адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға таңертеңгі сағат 11:00 шамасында болған. «Audi» көлігін тізгіндеген 57 жастағы жүргізуші маневр кезінде қарсы бағытта келе жатқан ВАЗ 2114 автокөлігімен соқтығысқан.
ВАЗ автокөлігін тізгіндеген 24 жастағы жүргізуші мен Audi автокөлігінде отырған 57 жастағы жүргізушінің әйелі оқиға орнында қаза тапты. Жүргізуші мен 9 жастағы немересі және ВАЗ автокөлігіндегі 23 жастағы жолаушы түрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді.
Жол-көлік оқиғасы фактісі полицияда тіркеліп, қажетті сараптамалар тағайындалды. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz