Білім

Қарағанды техникалық университетіне Қытай делегациясы келді

Қытайдың электрондық ғылым мен технологиялар университетінің (UESTC) делегациясы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне ресми сапармен келді. Сапар барысында делегация мүшелері жоғары оқу орнының ғылыми жетістіктері мен инновациялық жобаларының көрмесін тамашалап, университет басшылығымен кездесті. Сондай-ақ екі ел университетінің бірлескен магистрлер даярлау бағдарламасын (1+1 Dual Master Degree) іске асыру мәселелерін талқылады.

Сурет Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінен

Іс-шара қос университет арасындағы 2025 жылғы 2 қыркүйекте қол қойылған ынтымақтастық туралы Меморандум аясында ұйымдастырылды. Сапардың негізгі мақсаты — академиялық және ғылыми ынтымақтастықтың перспективаларын талқылау, соның ішінде машина жасау, энергетика, ақпараттық технологиялар және электротехника бағыттарында бірлескен магистрлік бағдарламаларды жүзеге асыру.
Кездесуді университеттің 
Басқарма Төрағасы – Ректор Сәуле Сағынтаева, стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Т.Канапьянов және халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының міндетін атқарушы Б.Маударбекова жүргізді.
Қытайдан келген UESTC делегациясының құрамында вице-президент Ло Гуаньшунь, компьютерлік ғылымдар факультетінің қабылдау комиссиясының жетекшісі Ю Лэ, аэронавтика және астронавтика факультетінің қабылдау комиссиясының жетекшісі Ли Мэн, базалық және тереңдетілген зерттеулер факультетінің қабылдау комиссиясы төрағасының орынбасары Лю Тай, даму, жоспарлау және пән саясаты басқармасы басшысының орынбасары Жэнь Цзиньшэн, халықаралық ынтымақтастық және алмасу жөніндегі директордың орынбасары Ли Ин, кәсіпкер, Қытай бизнесінің өкілі Чжан Хуайцзе болды.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Конфуций институтының директоры Т.Филиппова және оқытушысы Чжоу Юаньци аудармашылық қолдау көрсетті.
Тараптар бірлескен магистрлер даярлау бағдарламасын (1+1 Dual Master Degree) іске асыру мәселелерін талқылап, академиялық талаптар мен оқу
мерзімдерін айқындады. Сондай-ақ визалық қолдау, жатақханамен қамтамасыз ету және тілдік курстар сияқты ұйымдастырушылық мәселелері бойынша ортақ шешім қабылдады.
Келіссөздер нәтижесінде тараптар жоғары білім беру, студенттер мен оқытушылар алмасу, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру үшін ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің халықаралық байланысы нығайып келеді. UESTC делегациясының Қарағандыға сапары Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен академиялық әріптестікті кеңейтудегі маңызды қадам болды.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button