Қарағанды техникалық университетінде «Карьера Start» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде студент жастар үшін маңызды шара – «Карьера Start» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл іс-шара университет пен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, болашақ мамандардың еңбек нарығына еркін бейімделуіне жол ашады.

Іс-шара барысында өңірдің 90-ға жуық жетекші компаниялары, ұлттық және халықаралық ұйымдар, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер өздерінің бос жұмыс орындарын ұсынды. Оның ішінде, ірі зауыттар мен өндірістік кәсіпорындардың 60-тан астам өкілі келді. Студенттер жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатып, тағылымдамадан өту, жұмысқа орналасу және мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы нақты ақпарат алды.
Шара барысында университет басшылығы түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштерімен бөлісті. Былтыр зерттеу нысандары бойынша оқуын аяқтаған түлектердің 91 пайызы жұмысқа орналасқан. Бұл – тек теориялық білім ғана емес, тәжірибелік дағдылардың да сапалы қалыптасқанын көрсетеді.

Қазіргі таңда оқу орны 86 өнеркәсіптік кәсіпорынмен серіктестік орнатқан. Соның ішінде, 33 кәсіпорынның тапсырысы бойынша 268 студент білім алуда. Олардың оқу ақысын өндіріс орындары төлейді. Сонымен қатар, университет жанындағы колледж 14 мамандық бойынша кадр даярлайды. Техникалық және жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары екені айтылды. Көп жағдайда өндіріс орындары колледж түлектерін жұмысқа қабылдап, кейін олардың жоғары білім алуына мүмкіндік береді.

Жәйрем кен байыту комбинаты мамандармен жұмыс істеу қызметі бастығының орынбасары Айнагүл Шайхина өндіріс саласындағы кадр тапшылығына тоқталды.
– Бұл іс-шара біз үшін өте пайдалы әрі қызықты. Ең бастысы – студенттер ұсынылып отырған мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білсе. Қазірден бастап байланыс орнатсақ, екі жаққа да тиімді болар еді. Біздің комбинатта кен байытушылар, металлургтер, өндірісті автоматтандыру мамандары жетіспейді. Тау-кен саласының мамандары да қажет. Басты талабымыз – базалық білім. Тау-кен ісі химиядан басталады, әрі қарай есептеу, жоспарлау секілді күрделі үдерістер бар. Сол бағыттарды меңгеріп, дамуға дайын жастар керек, – деді ол.
Бұл пікір өңірдегі өндіріс орындарында техникалық бағыттағы білікті мамандарға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

Өз кезегінде Нұржан Сыздық жәрмеңкенің маңызын атап өтті.
– Бүгінгі іс-шарада жұмыс берушілермен қатар еңбек порталдарында да көптеген вакансиялар ұсынылды. Студенттер өздері оқып жатқан мамандық бойынша болашақта қай мекемелерде жұмыс істей алатынын нақты біле алады. Бұл жәрмеңкені жыл сайын өткіземіз. Биыл ірі зауыттардан 60-тан аса жұмыс беруші келді, – деді ол.
«Карьера Start» – студенттер үшін тек бос жұмыс орындарын қарау алаңы емес, кәсіби болашағын айқындайтын маңызды қадам. Ал жұмыс берушілер үшін – өндірістегі кадр тапшылығын шешуге бағытталған тиімді механизм.
Жамал АКПАРОВА
Ortalyq.kz



