Қарағанды техникалық университетінде индустриялық-инновациялық хаб құру жұмыстары басталды
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті – еліміздің өнеркәсіп саласындағы инженерлік-техникалық кадрларды дайындайтын жетекші техникалық университеттердің бірі. Қарағанды облысы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте университет басшылары былтырғы оқу жылындағы білім беру, ғылым, тәрбие және қаржы-шаруашылық қызметін қорытындылады. Шағын мәжілісте оқу орнының ғылыми жетістіктері сараланып, жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа тынысы жайлы сөз болды.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтқан «Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын пайдалану жағдайында жұмыс істей алатын кадрларды даярлау» бағытында дамудың даңғыл жолына түскенін атап өтті университет басшылығы.
Бүгінде бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейіндегі 100 білім беру бағдарламасы, сондай-ақ 13 әскери мамандық пен 15 колледж бағдарламалары бойынша маман даярлайтын оқу орны жыл сайын өз беделін сақтап, тұғырынан таймай келеді. Жыл сайын техникалық университетті таңдап, оқуға түсетіндердің қатары артпаса, кеміген емес. Былтырғы контингент 9 мыңнан аса білім алушыны құрады. Биыл тағы 3359 студент қабылданып, өткен жылғы көрсеткіштен 44%-ға артқан. Олимпиадаларда жүлделі болып, жоғары нәтиже көрсеткен студенттер екі есеге көбейген.
– Оқу орнындағы білім беру бағдарламалары өзекті әрі сұранысқа ие. Мұны ұлттық және халықаралық рейтингтер растайды. Мысалы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының рейтингіне қатысқан 30 білім беру бағдарламасының 26-сы ТОП-10 қатарына енсе, НААР рейтингінде барлық 50 бағдарлама үздік ондықта орналасқан. QS World University Rankings 2025 халықаралық рейтингінде университет 851+ позициясын иеленіп, жаһандық академиялық кеңістіктегі өз орнын әйгіледі, – деді университет ректоры Сәуле Сағынтаева.
Түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 2024 жылы 90%-ды құраған. Бұл – университет пен серіктес компаниялар арасындағы тығыз ынтымақтастықтың нәтижесі. Осы орайда 102 мамандандырылған зертхананы индустриялық серіктестер жабдықтауға көмек көрсеткен.
– Биыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында облыстық білім басқармасымен және Қызылорда қаласының колледжімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Облыстық білім басқармасымен бірлесіп, 20 мектепті, 7 колледжді және 3 кәсіпорынды біріктіретін оқу-ғылыми-өндірістік кешен құрылды. Университет, сондай-ақ, Қарағанды қаласындағы тау-кен және құрылыс колледждерін қамқорлығына алды, – деді ректор.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған ауқымды ұлттық «AI-Sana» жобасы басталды. Осы бағдарлама аясында Қарағанды техникалық университеті «зәкірлік» жоғары оқу орны ретінде таңдалып, бекітілген. Қазіргі уақытта ЖИ агенттері әзірленіп, арнайы пән енгізілуде. Профессорлық-оқытушылық құрам үшін ЖИ бойынша оқыту ұйымдастырылып, инновациялық стартаптар жүзеге асуда.
Университетте кадрлық әлеуетті дамыту және мықты профессорлық-оқытушылар құрамын қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Олардың біліктілігін арттыру және шетелдік тағылымдамадан өту үлесі жоғары.
– Біздің оқытушылар жыл сайын әртүрлі байқаулардың жеңімпаздары атануда. Мысалы, 2024 жылы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағын 6 оқытушы иеленді. Сонымен қатар, 2025 жылы «Жас ғалым» жобасы аясында 7 жоба қолдау тапты, – деді ректор.
Бүгінде Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің 23 елдің ұйымдары мен жоғары оқу орындарымен жасалған 152 серіктестік келісімі бар. Академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша студенттер Польша, Германия, Румыния, Чехия, Қытай, Ресей және басқа да елдерде білім алуда. Ал университеттің өзінде 117 шетелдік студент оқып жатыр.
Университет Қытай, Ресей және Өзбекстанның жетекші жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру және қос дипломды бағдарламаларын жүзеге асыруда. ҚарТУ — Шанхай ынтымақтастық ұйымы университетінің мүшесі. 2025 жылдың мамыр айында университет Қытайда өткен конференцияға қатысып, Saginov Technical University инженерлік білім берудегі тәжірибесімен бөлісті.
Ғылыми-зерттеу жұмысын дамыту мәселесі де аса өзекті. 2024 жылы мемлекет пен индустриялық серіктестердің бірлескен нәтижесінде ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі 2 миллиард теңгеден асты. Барлық қаржыландыру көздері бойынша оң динамика байқалады. Соңғы үш жылда мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі төрт есеге жуық артып, былтыр 1,2 млрд теңгені құраған.
Бүгінде университеттің ғылыми және білім беру қызметі өндіріс орындарымен тығыз қарым-қатынаста. Оқу орны инновациялық білім беру «ҚарТУ» Консорциумы аясында корпоративтік ынтымақтастықтың инновациялық моделін жүзеге асырып келеді. Консорциум құрамына өңірдің 84 ірі кәсіпорны кіреді, олардың қатарында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс», «Kazzinc», «Borusan Makina» және басқа да жетекші компаниялар бар. Олар университет кафедраларының материалдық-техникалық базасын заманауи талаптарға сай жаңартуға демеушілік жасайды. Бұл өз кезегінде студенттерге өндірістік өмірге барынша жақындап, тәжірибеге сүйенген сапалы білім алуына мүмкіндік береді.
Университет өңірдің инновациялық дамуы бағытында жергілікті атқарушы органдармен белсенді ынтымақтастық орнатуда. 2024 жылғы қараша айында Қарағанды облысының ғылым және технологиялар жөніндегі кеңесінің алғашқы отырысы ҚарТУ базасында өтті.
– Облыс әкімдігінің қолдауымен университет негізінде Аймақтық индустриялық-инновациялық хаб құру жұмыстары басталды. Бұл хаб ғылыми әзірлемелерді қаржыландыруға, стартаптарды қолдауға, кәсіпкерлік мәдениетті дамытуға және индустриялық серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деді ректор Сәуле Сағынтаева.
Облыс әкімінің тапсырмасымен университет ғалымдары Қарағанды агломерациясының көлік жүйесін дамыту жөнінде ғылыми-зерттеу жұмысын қолға алды. Жобаның құны – 67 млн теңгені құрайды.
Университеттің өңірдегі жетекші инженерлік-техникалық орталық ретінде беделін нығайтуда уақыт талабына сай жаңа өзгерістер енгізілуде. Атап айтқанда, алдағы жылы оқу орнында Жаңартылатын энергия көздері, Атом энергетикасы, Машина жасау және жасанды интеллектті әртүрлі салаларда қолдану бағыттары бойынша жаңа білім беру бағдарламалары іске қосылады. AI & Machine Learning, мехатроника және робототехника зертханалары ашылады. Шетелдік студенттердің де үлесін арттырып, жоғары h-индексі бар шетел ғалымдары шақыртылмақ.
Сонымен қатар, білім алушылар мен қызметкерлер үшін қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе, инфрақұрылымды дамыту, кампусты абаттандыру, цифрлық деңгейін арттыру және «Политехник» спорт-сауықтыру лагерін жаңғырту жоспарлануда.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ
«Орталық Қазақстан»