Бас тақырып

Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі бәсекеге қабілетті маман даярлайды

Еліміздегі техникалық бағыттағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі – Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі. Колледж техникалық және кәсіптік білім беруде жастардың табысты мансап бастауына нақты мүмкіндік ұсынып отыр. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында колледж көкжиегін кеңейтіп, білікті маман шығаруда алдыңғы қатарлы оқу орындарының біріне айналған.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Колледжде студенттер тек мамандықты меңгеріп қана қоймай, қазіргі экономиканың сұранысына сай бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасады. Оқу процесі тәжірибеге бағытталған. Алғашқы курстан бастап білім алушылар заманауи жабдықтармен жұмыс істейді. Мамандану бағыттары сәулет, құрылыс, ландшафт және өндірістік дизайн, дәнекерлеу ісі, жиһаз өндірісі, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да салаларды қамтиды.

Мұнда BIM-жобалау, зергерлік іс, дәнекерлеу жұмыстары және өзге де бағыттарды қамтитын 20-дан астам шеберхана мен зертхана бар. Бұл орталықтар студенттердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге және еңбек нарығына бейімделуіне мүмкіндік береді.

Колледж директоры Әсел Сапарова студенттердің жұмысшы мамандығын саналы түрде таңдап отырғанын атап өтті. Дуальді оқыту жүйесі аясында білім алушылар серіктес кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтіп, өз саласында жетістікке жеткен түлектермен кездеседі.

Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің жарты ғасырлық тарихы бар. Қазіргі таңда он бес мамандық бойынша 1000 студент біліп алуда. Бұл мамандықтар екі бағытты қамтиды. Біріншісі – құрылыс, екіншісі – дизайн. Яғни,бірінші бағыттағы мамандықтар техник-құрылысшылар, кеңбейінді шеберлер, бейін жобалаушы-сәулетші десек, екінші дизайн бағытында интерьер-дизайнері, ландшафт дизайнері, техник-дизайнері мамандықтары бойынша білім береміз. Біз биыл мемлекеттік тапсырыс негізінде 390 бала қабылдаймыз деп жоспарлап отырмыз. Былтыр 340 студент қабылданды. Өздеріңіз байқағандай, биыл 50 елу орынға көбейттік. Жыл сайын 300 бала оқуын тәмамдап шығады. Осы жылы 300 бала мамандық алып шықты. Техник мамандығына төрт жыл, ал, жұмысшы мамандықтарына 2 немесе 3 жыл оқиды. Биыл 2025 жылды Президенттің «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялауы бізге зор серпіліс берді. Қоғамдағы жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтерді. Осыған орай жыл бойына көптеген іс-шаралар жүзеге асты. Мұның баршасы жұмысшы мамандық туралы ата-ана мен баланың көзқарасын түбегейлі  өзгертті деп нық айта аламыз. 
Сондай-ақ, біздің колледж ерекше балалармен де 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол балалар үшін қажетті жағдай толық жасалған. Бүгінде колледжде ерекше қажеттіліктегі 82 бала білім алуда. Ерекше білімді қажет ететін арнайы топтармен қатар  инклюзивті білім беру тобы да бар. Яғни, арнайы топтағы балалар арнайы бағдарламамен дәріс алса, басқа балаларға өзге топтармен кіріктіріліп білім беріледі. 82 баланың  арасында 11 түрлі диагноздағы балалар бар. Алайда, олардың толыққанды білім алуы үшін мүмкіндіктер жасалған. Ерекше қажеттіліктегі балалар дәнекерлеуші, жиһаз, ландшафт дизайнда да мамандықтар меңгеруде, дейді колледж директоры Әсел Сапарова.

Білім басшысы қолданбалы өнерде оқитын студенттерді жұмысқа орналастыру бағытында «Dala-skills» байқауына ерекше қажеттіліктегі балалар да кіріктіре алатынын айтады. Сонымен қатар, кей мамандықтар негізінде ол балалар қаржылық сауаттылықты да меңгереді дейді.

– Олар қолданбалы өнер бағытындағы мамандықты игере отырып, өздерінің жасап шығарған бұйымдарын сатуға, таратуға мүмкіндіктерін меңгеруі үшін де бағыт-бағдар береміз, дейді Әсел Сапарова.

Колледж ұжымы – магистрлер, ғылыми зерттеушілер, салалық сарапшылар мен жоғары санатты ұстаздардан құралған. Оқу процесінде BIM-технологиялары, автоматтандырылған жобалау жүйелері және жаңа бағдарламалық кешендер енгізілген.

«Заманауи жабдық – сапалы білім кепілі», – дейді колледжде бір жылдан астам жұмыс істейтін өндірістік оқыту шебері Дархан Біләлов.

Осы уақыт ішінде аталған оқу орнының мүмкіндіктерін терең танып үлгердім. Колледж толықтай заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген, оқытуға қажетті құралдардың барлығы талапқа сай. Бірінші кезекте қауіпсіздік техникасы ескеріліп, студенттер құрылғылармен жұмыс істеуді нөлден бастап үйренеді. Ал, заманауи құрылғылар оқыту барысында жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мысалы, студенттер виртуалды маска киіп, өздері таңдаған режимде жұмыс істеуді меңгереді. Сондай-ақ, өндіріс саласына арналған үлкен диаметрлі құбырларды жалғауға арналған кәсіби дәнекерлеу құрылғысы да колледж базасында бар. Яғни, барлығы оқу процесіне бейімделіп орнатылған әрі жұмыстарды тікелей колледж жағдайында орындауға мүмкіндік бар. Атап айтар болсақ, қажетті жиһаздар мен дәнекерлеу жұмыстарын да студенттер өздері жасайды. Оқу орнының материалдық-техникалық базасы заман талабына сай әрі студенттер теориялық біліммен қатар, өндірістік тәжірибеден де өтетіндіктен, көпшілігі біздің оқу орнымызды таңдайды, – дейді Дархан Біләлов.

«Ландшафт дизайнері» мамандығын таңдап келген абитуриенттің анасы колледжде шеберлікпен қатар, шығармашылықты да шыңдауға мүмкіндік бар екенін айтады.

– Балам шығармашыл. Осы колледжді таңдауы да содан. Заманауи шеберханалар студенттерге мол мүмкіндік ұсынады. Тағы бір айта кетерлігі, студенттер теориямен ғана шектелмей, тәжірибені қатар алып жүретіндігі. Бұл өте жақсы мүмкіндік. Ал, «Ландшафт дизайнері» сұранысқа ие мамандық. Себебі, қаламыз, әлбетте, көгалдандыруға мұқтаж, – дейді ата-ана Наталья Беспалова.

Колледждің ІІ курс студенті Жолболды Марғұлан болса, жиһаз өңдеу мамандығын игеруде. Аталған оқу орнына өз қалауымен келген. Себебі, бүгінде жиһаз өндірісі сұранысқа ие.

Келер күнге мақсат айқын. Алдағы уақытта арнаулы цех ашпақ ниетім бар. Онда корпусты әрі жұмсақ жиһазды көптеп өндіргіміз келеді. Осы уақытқа дейін түрлі жиһаз үлгісін бағдарлау амалдарын үйрендік. Тәжірибеден де кідірмей өттім, – деп ой тұжырды ол .

Бұл жерде біліммен қатар, өмірге жолдама алғанның бірі Асанәлі Батыршинов. Ол қала құрылысы мамандығы бойынша білім алған.

Кейінірек өз бригадаммен жеке коммерциялық және мемлекеттік нысандар құрылысында еңбек еттік. Бүгінде 25 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Жылына 35-40 мың шаршы метрлік көлемді жылына еңсереміз, – дейді Асанәлі Батыршинов.

Оқу орны облыстағы жетекші кәсіпорындармен тұрақты әріптестік орнатқан. Атап айтқанда, «Аспап» ПК, «Стройка и К» ЖШС, Alina Group, «КТК Строй» ЖШС, «ЖАККО Караганда» ЖШС, «Сантехпласт» ЖШС және басқа да ұйымдар студенттерге нақты өндірістік тәжірибе және жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұсынады.

Қарағанды техника-құрылыс колледжі – облыстағы техникалық білім берудің тәжірибелік алаңы. Мұнда 4 мамандықта дуальді оқыту, 6 мамандықта модульдік бағдарламалар, 2 мамандықта инклюзивті білім беру жүйесі енгізілген.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ

Басқа материалдар

Back to top button