Қарағанды төрінде Ерғали Жүнісбековтің 90 жылдық мерейтойы аталып өтті
Қарағанды төрінде қазақ театр өнерінің тарланы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ерғали Жүнісбековтың 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Ғұмырын сахнамен байланыстырған саңлаққа арналған кеш көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Кеш шымылдығын ардагер актердің шығармашылық жолына арналған әсерлі қойылым ашты. Шара барысында әсем әндер шырқалды. Әріптестері мен шәкірттері ортаға шығып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Өнердегі өнегелі жолы мен адами болмысы туралы естеліктер айтылып, сый-сияпаттар табысталды.

– Ер-ағаның азаматтылығы, адамгершілігі, кішіпейілділігі көптеген актерде жоқ. Ол кісіде даңдайсу деген, көп мақтағаннан кейін асқақтау, тіпті, болмайды да, болған емес. Бұл кісінің керемет қасиеті бар. Бірнеше рет байқағам. Театрға келген соң спектакль, немесе, дайындық басталғанша осында еңбек еткен тұлғалардың бейнесіне амандасып шығады. «Ассалаумағалейкум, Мұздеке, ассалаумағалейкум Тұршеке!» деп амандасады. Мен «Не болды?» деймін ғой. Ол «мен оның көзін көрдім ғой, осы театрға келгенде жансыз бейнесіне амандасудың өзінен әжептәуір нәр аламын», – дейді. Бұл деген ағаларға деген құрмет, сағыныш. Солардан үйренгеніне айтқан рақметі деп білемін, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кеңес Жұмабеков.

Ерғали Жүнісбеков бала күннен театр әртісі болуды армандаған. Ол 68 жылын өнерге арнады. Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театры сахнасында талай жарқын образдарды сомдаған. Әлемдік классика «Ромео-Джульетта» трагедиясындағы Ромео, «Еңлік-Кебек» шығармасындағы Кебек бейнелері – оның шығармашылық биігін айқындайды.

– Ерғали Жүнісбеков театрмен замандас, құрдас десек, артық айтпаймыз. Ол осы бекзада өнердің дамуына зор үлес қосқан талантты тұлға. Өнерді бағалайтын әр адам Ерғали Жүнісбековті де қадірлеуі керек, – деді Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы.

Кеш соңында мерейтой иесі өткен өмір жолынан сыр шертіп, сахнадағы ерекше сәттерімен бөлісті. Көрерменге ақ батасын беріп, алғысын білдірді.

– Жастарға жасымды, абыройымды берсін деген тілегімді айтқым келеді. Өмірдің мәнін табу үшін бойдағы қабілет пен дарынды іске асыра білу керек, – деді Ерғали Жүнісбеков.
Ерік НАРЫН
Ortalyq.kz



