Қарағанды спортшылары Токио төрінде тарихи нәтижеге қол жеткізді
Токио төрінде он күннен аса уақытқа созылған XXV жазғы Сурдлимпиада ойындары да тарих қойнауына енді. Ал, сол уақыттары отандастарымыздың сыйлаған керемет эмоциясы күні бүгінге дейін тарқаған жоқ. Жер жаһанның мықтылары жиналған аламанда қазақ спортшылары керемет өнер көрсетіп, тарихи нәтиже тіркеген болатын. Солардың қатарында қарағандылық спортшылар да ел қоржынына екі алтын және үш қола медаль салып, қуанышымызды еселей түсті. Өткен аптада қарағандылықтар жеңіс тұғырынан көрінген жерлестерімізді Қарағанды вокзалынан күтіп алып, құрмет көрсетті.

Спортшыларға көрсетілген құрметтің жөні бөлек болды. Қарсы алуға жиналған жанкүйерлердің қарасы қалың. Әрқайсысының жүзінде қуаныш, кеудесінде мақтаныш. Ән де шырқалды, жүрекжарды тілектер де айтылды. Себебі, бұл спортшылар дәл осы қошеметке әбден лайық еді. Биыл Қазақстан құрамасы Сурдлимпиада төрінде айтарлықтай серпіліс жасады. Жалпыкомандалық есепте сегіз алтын, төрт күміс және 13 қола медаль олжалап, 81 елдің ішінде ІХ орыннан көрінді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Себебі, осыдан төрт жыл бұрынғы Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен Сурдлимпиада ойындарында ұлттық құрамамыз ХІІІ орынмен шектелген болатын.
Есту қабілеті нашар спортшылардың басты додасында таэквондошыларымыз үш қола медальді жеңіп алды. Атап айтсақ, Аян Әбдіраш, Айжамол Абдикатова және Аида Макатова жанкешті өнер көрсетіп, жеңісті қолдан берген жоқ. Аян Әбдіраштың Сурдлимпиада ойындарына үшінші мәрте қатысуы. Алғашқы бәсекесінде алтын медаль жеңіп алса, екіншісінде қола жүлдеге қол жеткізген. Биыл 58 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, тағы бір мәрте қола жүлдеге қол жеткізді. Жерлесіміз жұбаныш белдесуінде түрік спортшысы Мухаммед Буракты 2:1 есебімен тізе бүктірген болатын.
57 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Айжамол Абдикатова қола медаль үшін бәсекеде венесуэлалық спортшы Ортего Селседоны 2:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, Сурдлимпиаданың қола жүлдегері атанды. Жалпы, сурдоспорттағы жас таэквондошымыз – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Бразилияда өткен Сурдлимпиада ойындарында да қола медаль иеленіп, ел намысын абыроймен қорғаған еді. Ал, биылғы Токио төріндегі тартыста алтын жүлдеге бір қадам ғана жетпей қалды.
67 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Аида Макатова – жарыстың соңғы күнінде ел қоржынына жүлде салған спортшының бірі. Алғашқы жекпе-жегінде өзбекстандық қарсыласына 0:2 есебімен жеңіліп қалған болатын Алайда, жұбаныш кездесуінде ирандық Иари Шабнамды 2:1 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Осылайша, Аида Сурдлимпиаданың қола медалін еншілеп, Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір жүлде қосқан болатын.
Биылғы Сурдлимпиадада Қазақстан құрамасы үшін ең нәтижелі спорт түрі сурдо дзюдо болды. Бұл сында отандастарымыз 5 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, барлығы 11 жүлдеге қол жеткізді. Солардың қатарында теміртаулық дзюдошы Еркебұлан Канафин де бар. 81 келіде белдескен жерлесіміз финалда мажар дзюдошысы Патрик Отвоштан басым түсіп, екі түркін Сурдлимпиада ойындарының чемпионы атанды.
Күтіп алушылар жеңімпаздармен естелік суретке түсіп, шат-шадырман көңіл күймен тарқасты.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



