Бас тақырыпСпорт

Қарағанды спортшылары төрт әлем чемпионатында топ жарды

Қарағанды облысында бірден төрт әлем чемпионаты мен Ислам ынтымақтастығы ойындарында жүлде алған спортшыларды салтанатты түрде құттықтады.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев аймақта бұқаралық және кәсіби спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Еңбектеріңіз бен жеткен нәтижелеріңіз үшін алғыс айтамын! Жеке алғысым – бапкерлерге, медицина мамандарына және бүкіл командаға. Бірлігіміздің арқасында Қарағанды облысын мықты спортшылар аймағына айналдыра аламыз. Жаңа жеңістерге жол ашайық! – деді ол.

Қарағанды облысының құрамасы Токиода өткен киокушинкай-кан каратеден әлем чемпионатында жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Жерлестеріміз жалпы алты медаль иеленді.

Абсолют салмақ дәрежесінде Никита Гарас әлемнің үш дүркін чемпионы атанды. Ол 25 жылға жуық уақыт каратемен айналысып келеді. Азияның төрт, Жапонияның үш дүркін чемпионы және ұлттық деңгейдегі бірнеше мәрте жеңімпаз.

– Әлем чемпионатында қиындық болмады, себебі тыңғылықты дайындалдық. Сәуірдегі Жапония чемпионатында ықтимал қарсыластардың тактикасын зерттеп, дұрыс жоспар құрдық. Әлем біріншілігінде барлық жекпе-жекті бірінші раундта жеңдім. Әсіресе финалдағы өнеріме ризамын – барынша шабытпен шықтым, – дейді чемпион.

Португалиядағы каратеден өткен тағы бір әлем чемпионатында да қарағандылық төрт спортшы түгел жүлдегер атанды: бір алтын, екі күміс және бір қола. Қысқа – екі ұпайлық форматта өткен жекпе-жектер жарысты күрделендірсе де, команда табандылық танытып, жоғары нәтиже көрсетті.

10 жастағы Нұрдәулет Амангелді – бұрынғы әлем чемпионы – биыл күміс медаль иеленді. Үш жекпе-жекте екеуін жеңіп, бірінде қарсыласына есе жіберді.

– Маған жылдамдық пен аздап техника жетіспеді. Қарсыласым шапшаң болды. Жаттығуды күшейтемін. Келесі жылы Латвияда міндетті түрде алтын аламын, – деді жас спортшы.

WKF нұсқасы бойынша Қарағанды облыстық каратэ федерациясының президенті Виктор Ешкин 56–65 жас аралығындағы ардагерлер арасында бесінші мәрте әлем чемпионы атанды.

– Жарысқа 18 елдің спортшылары қатысты. Менің санатымда да сонша қатысушы болды. Бірақ менің тіркелгенімді білген соң, кейбір спортшылар жарысқа шықпай қалды. Италия және Францияның мықтыларымен үш жекпе-жек өткіздім, – деп бөлісті ол.

Каратэ мектебінің тағы бір тәрбиеленушісі Никита Тарнакин Ислам ынтымақтастығы ойындарының чемпионы атанды. Осы додада джиу-джитсушілер де көзге түсті: Алматай Жігер – алтын, Ажар Салықова – күміс медаль иеленді.

Таиландта өткен джиу-джитсудан әлем чемпионатында қарағандылықтар тағы да жоғары нәтиже көрсетті: үш алтын, бір күміс және төрт қола. Қазақстан құрамасы 65 елдің ішінде жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.

Бішкекте өткен самбодан әлем чемпионатында да қарағандылық балуандар бір алтын және үш қола медаль жеңіп алып, өңір спорт мектебінің мықтылығын тағы бір дәлелдеді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button