Қарағанды – шеберлер шаһары
Астана күні мерекесіне орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қарағанды қаласында арт-фестиваль өтті.
Арт-фестиваль бейнелеу өнері, би және театр, спорттық ойындар, қолөнер, инновациялық бағыттар, өндірістік дизайн және тағы да басқа шығармашылық бағыттарды біріктірді.
Мерекелік іс-шарада қаладағы өнер мектептерінде оқитын жеткіншектердің ең үздік жұмыстары жұрт назарына ұсынылды.
Сондай-ақ, кітап көрмесі, «Сүйікті Астанам» фотокөрмесі ұйымдастырылып, «Мальвина» қуыршақ театрының қойылымы көрсетілді. Бұдан кейін жиналған қауым хайуанаттар бағы ұйытқы болған шағын көрмені тамашалай алды.
Қаланың балалар-жасөспірімдер аула клубтары қолөнер жұмыстарының аумағын құрды. Олар гитарада ойнау шеберлік сағаттарын өткізіп, кез келген жан Астана күніне арнаған тілегін жаза алатын «Тілектер добын» дайындады.
Фонтан жанынан «Шебер» қолөнершілердің ең үздік жұмыстарына арналған шатырлар құрылды.
Жастар арасында ұлттық мәдениетті және дәстүрді насихаттау мақсатында «Киіз үй-live» жобасы жүзеге асырылды. Жоба шеңберінде қолөнерден, ұлттық ойындардан шеберлік сағаттары, тоғызқұмалақтан шағын турнир өткізілді. Киіз үй жанына алтыбақан және арт-фестиваль тақырыбында фотосурет көрмесі орнатылды.
Арт-фестиваль өткізу Қазақстан Республикасы халықының мәдениетін дамытуға, сақтауға және жандандыруға, дарынды тұлғаларға қолдау көрсетуге, тұрғындардың халық тұрмысымен, мәдениетімен және дәстүрімен танысуға септігін тигізеді.
Қарағанды қаласы әкімінің баспасөз қызметі.